Қазақстанда ішкі туризм жанданды

Қазақстанда ішкі туризм жанданды

Республиканың туристік аймақтары биылғы демалыс маусымын шетелдік туристерсіз қарсы алды. Есесіне отандық саяхатшылар саны күрт артқан. Тұмса табиғатымен, таза ауасымен және емдік нысандарымен көпшілік арасында ерекше танымал Шығыс Қазақстан Катонқарағай ауданының сауықтыру орталықтары жаз басталысымен есіктерін ашқан.   

«Коронавирус инфекциясы бізге де әсері тиіп жатыр, шетелден туристер бізге келе алмайды қазір, оларды қабылдамаймыз, өзіміздің туристерді 3 июннен бастап қабылдай бастадық»,- дейді Катонқарағай ауданы  кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанар Сәрсенбаева.

Мұндағы Катонқарағай ұлттық паркі - экологиялық туризмді таңдайтындар үшін таптырмас орын.  Сондай-ақ, ауданда радон бұлақтары, пантымен емдеу орталықтары, 12 қонақ үй, екі бірдей сауықтыру лагері бар. Өткен жылы тек қана пантымен емдеу базаларында 8 мыңнан астам адам демалса, соның 130-дан астамы шетелдіктер болған. Ал биыл Атырау, Ақтау, Түркістан, Павлодардан келген демалушылар қарасы көп. Арасында танымал қазақстандықтар да бар. Әдетте туған жер төсінде демалуға мүмкіндік бола бермейтін спортшы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова биыл сәті түскенін айтады.

«Осы уақытқа дейін талай шет елді көрдім. Жұмыс барысы да солай болды. Негізінен көбіміз сосын бара саламыз деп туған өлкемізді аралауды кейінге ысырып жатамыз ғой. Мен де сол қатардан болдым. Талай рет ойлап жоспарласам  да сәті түспей жүрген. Биыл мінеки сол мүмкіндік туды. Швейцариядан асып түседі дер едім»,- дейді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.

Шығыс өңірдің табиғи кереметтері ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық.

«Шет елдерді араладық, Түркияның жағажайын, Еуропаның ғимараттарын, Сингапур жерлерінде болдым, бірақ міне 100 шақырымдай жерде ойламағам, бұндай керемет нәрсе бар екеннін. Көрген де арманда, көрмеген де арманда деп қайта армандап жатырмыз қайтып келудің жолдарын қарастырып»,- дейді павлодарлық саяхатшы Дамир Нұртазинов.

«Табиғаты өте керемет, ауыл шаруашылығын дамытуға жақсы екен, жылыжай салуға болады, табиғаты өте керемет таулардың үстінде аюлар бар екен, балық аулуға бардық, Бурабайда, Оралда, Ақтөбеде болдым, мынадай керемет жерді бірінші рет көріп тұрмын»,- деді Ақтау қаласынан келген жиһанкез Нұрбол Баймағамбетов.

Айта кету керек, тарихи құндылыққа толы Берел қорғаны да қазір туристерден босамай жатыр. Бәрі – еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер. Сақ патшалығының тарихын естіп, жәдігерлерін көріп таң-тамаша.

 

Фото: ids-tourism.kz