Еуропалықтар ІІ Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсетті

Еуропалықтар ІІ Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсетті

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды еске алу рәсімі Норвегияда өтті. Биыл еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі сұрапыл соғыста жан тәсілім еткен 44 қазақстандық жауынгердің есімін анықтады. Бесеуінің денесі Норвегияның Йорстадмоен елді мекеніндегі әскери зиратқа қойылған. Ерлікке тағзым ету рәсіміне жергілікті билік өкілдері, қазақстандық дипломаттар, белгілі спортшылар және қоғам өкілдері жауынгерлері қатысты.

«Мен үшін бұл сапардың маңызы ерекше. Лиллехаммер – мен 1994 жылы Олимпиада чемпионы атанған қала. Бүгін біз соғыста қаза тапқандардың рухына тағзым еттік. Мұнда 1 мыңға жуық Кеңес жауынгері жерленген. Бесеуінің кім екенін білеміз. Ерлікпен қаза тапқан сарбаздар ұмытылмайды», - деп мәлім етті шараға қатысқан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов.

Ал Чехияның Оржехов қаласында 37 қазақстандық майдангердің есімі ескерткіш тақтасына жазылды. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандарға арналған мемориалды тақтаға барлығы Кеңес әскері қатарындағы 1250 сарбаздың аты-жөні қашалған. Барлығы да Братислава-Брно шабуыл операциясы барысында Оржехов қаласын,  Чехияның Оңтүстік Моравия аумағын және жақын маңдағы елді мекендерді азат етуге қатысып, осы жерде қаза болған. Бұған дейін олардың есімі белгісіз болып келген. Жан-жақты зерттеулер нәтижесінде тұлғалары анықталып, аты-жөндері 10 тақтайшаға жазылды.

 

Фото: luvida.livejournal.com