2020 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық қызметтер электрондық форматқа көшіріледі

2020 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық қызметтер электрондық форматқа көшіріледі

2020 жылдың соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді 100% электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Бұл жөнінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. Оның айтуынша, былтыр бұл көрсеткіш 83% құрады. Нәтижесінде 2,2 млрд теңге үнемделді. Бүгінгі таңда цифрландыру бағытындағы жұмыс жалғасып келеді. Олардың бірі Қазақстан халқының 100%, яғни 7 млн отбасы қамтылған «Отбасының әлеуметтік картасы». 

«Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, 68,8 мың азаматты емханаларға тіркеу, 72,9 мың баланы балабақшалар мен мектептерге тіркеу бойынша шаралар қабылданды. 1451 отбасы күрделі және дағдарыс жағдайынан шығарылды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Тағы бір маңызды бастама «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» жобасы. Ол әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығы мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.   

«Бұл жобаның пилоттық нұсқасы Республиканың 9 өңірінде іске асырылды. 102 мың ID-карта берілді, 88 мың транзакция жүргізілді. Болашақта біз бұл жобаны барлық өңірлерде толығымен қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Бұнымен қатар биылдан әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде техникалық қалпына келтіру құралдарының  24 түрі орналастырылған. Жүйенің толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр. Сонымен бірге «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталықтарын құру жоспарланған. Онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі.

«Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасап, мүгедектігі бар 18 жастан асқан адамдарды кәсіптік бейімдеу және сауықтырумен айналысатын болады. 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасау жұмыстарын жалғастырады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ еңбек министрі есеп беру кездесуінде 2020 жылы әлеуметтік төлем шығыстары 20% арттқанын мәлімдеді. Оның айтуынша мемлекет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдердің 39 түріне кепілдік беретіндігін атап өтті. Жұмыс істейтін азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлем алады.

«2020 жылы республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдерге 3,5 трлн теңге қарастырылған. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жалпы 3,4 трлн теңгеден астам сомада 4 млн адамға беру көзделген, бұл 2019 жылғы ұқсас шығыстармен салыстырғанда 21%-ға көп», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Министр биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 8,8 миллион адамды, жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрағанын атап өтті. Жалпы биыл 1,2 миллионнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: government.kz