Археологиялық қазба жұмыстар маусымы басталды

Археологиялық қазба жұмыстар маусымы басталды

Археологиялық қазба жұмыстары шектеулерге қарамастан уақытылы басталып кетті. Алайда, биылғы қазба жұмыстарының ерекшелігі -  студенттердің дәстүрлі тәжірибесінің болмауы. Сондықтан оған тек ғалымдар, жалдамалы жұмысшылар мен энтузиастар ғана қатысады.

Осыған қарамастан археологтар үшін маусымның олжалы басталғанын айта кету керек. Ақмола облысында ерте темір дәуіріндегі қылыш табылды. Археологтар артефактіні біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасыр - біздің дәуіріміздің 4 ғасырына жатқызып отыр. Қылыш Атбасар ауданы Магдалиновка ауылының батысында Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының барлау тобымен табылды.

Ғалымдардың айтуынша, жоспарға сай жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында алдын-ала барлау жұмыстарын жүргізіледі. Міне, осындай жұмыстары кезінде Атбасар ауданында 100-ден аса археологиялық нысандар орналасқан жаңа археологиялық ескерткіштер анықталды.

«Барлау тобы барлық белгіленген жерді визуалды қарап шығады. Әдетте қорғандарды тас қоршаулар арқылы табуға болады. Міне, осындай ескерткіштерді визуалды қарау кезінде қорғанның ортасында темір сұқпаның ұшы байқалды, әрі қарай қазба кезінде 0,30 см. тереңдікте темір қылыш табылды. Қылыштың жалпы ұзындығы 79 см. Қылыштың екі жағы да ұшталған. Қылыштың ортаңғы және ұшы майысқан, бәлкім ауыр тастардың салмағынан болар»,- дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің басшысы Гаухар Сарсекова.

Табылған тарихи жәдігер әскери адамға тиесілі. Яғни бұл қорғандар  әскери жерлеу орны болғанын білдіреді.

«Егер барлау жұмыстары кезінде құнды зат табылса, қазба жұмыстары кезінде біз одан да олжалы бола түсеміз», - дейді Гаухар Сәрсекова.

Жәдігер Ақмола тарих және өлкетану мұражайына тапсырылды. Қазіргі уақытта қылыштың құрамы зерттеліп, тексерілуде.

 «Әдетте, барлық табылған заттар жыл соңында дейін бізге беріледі, мұнда біз оларды да зерттейміз. Табылған қылыш, мүмкін, біздің мұрағатта  сақталады. Біз оны көрмелерде көрсетеміз», - деді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Анар Дүйсенбаева.

Қорым алғаш рет 1992 жылы анықталып, 2006 жылы қайта зерттелген. Жақында мамандар қорғанда қазба жұмыстарын қайта жандандыра бастады.

Жалпы, Ақмола облысының Атбасар ауданында 100-ден аса археологиялық нысандар орналасқан, археологиялық барлау жұмыстарының арқасында қола және ерте темір дәуіріне жататын тағы 20-ға жуық жаңа археологиялық ескерткіштер анықталды.

Қарағанды ​​облысының археологтары таңғажайып ашылымдар жасады. Қазір мұнда 6 экспедиция тобы жұмыс істейді. Оның төртеуі Шет ауданында қазба жұмыстарын жүргізуде. Олар ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық саябақ ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Алғашқы қазба жұмыстары да олжалы болды. Мұнда біздің дәуірімізге дейінгі XVII ғасырға жататын қорымдардың бірінде қоладан жасалған пышақ, білезіктер мен салпыншақтар табылды. Сонымен қатар тағы бір қорымнан археологтар үлкен қоладан құйылған құйманы тапты. Енді мамандар оның не үшін жасалғанын анықтау үстінде.

 

Фото: aqmolanews.kz