Еуропа елдерінің ертегілері қазақ тіліне тәржімаланды

Еуропа елдерінің ертегілері қазақ тіліне тәржімаланды

Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің халық ертегілері, аңыздары мен  нақыл сөздері қазақ тілінде жарық көрді. ЕО Қазақстандағы өкілдігі «Еуропа әлемінде» атты кітапты таныстырды. Жинаққа балалар сүйіп тыңдайтын батырлар, айдаһарлар, перілер туралы және халық әзіл –сықағына толы түрлі хикаялар енген. Жинақтың мақсаты елдер арасындағы ежелден келе жатқан ортақ мәдени сабақтастығын көрсету және кәрі құрлық фольклорының әр алуандығын паш ету.

«Қазақстандық оқырмандардың басым көпшілігі осы ертегілермен  таныс екендігіне сенімдімін. Мәдениет шекара талғамайды, құрлықтарға,  кейде одан да тыс аймақтарға өріс жаяды.  Сол себепті, біздің ұқсастығымыз ойлағанымыздан да көбірек болады және бұл кітаптың мақсаты осы байланыстарды көрсету»,- дейді Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон.

Еуропаның мәдени мұрасын біріктіретін жинақпен жұмыс алты айға созылған. Кітаптың иллюстрациясын қазақстандық суретшілер жасап шықты.

«Еуропа әлемін бейнелейтін суреттер арқылы оқырмандар ертегі кейіпкерлерімен жүздесіп, cол заманның сиқыр мен қиял әлеміне жол ашады деп үміттенеміз“, - деп атап өтті Ғалия және Балқия Құсайыновалар.

Айта кетейік, күнделікті әлеуметтік желі парақшаларында ЕО-ға мүше мемлекеттердің Елшілері бейнеролик форматында ертегілерді оқып тұратын болады.

Кітаптың электронды нұсқасын мына сілмеден көруге болады.

 

Фото: ees.europa.eu