Арыс әскери бөлімін тазалау жылдар алуы мүмкін: жарылыс ошағында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Арыс әскери бөлімін тазалау жылдар алуы мүмкін: жарылыс ошағында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Арыс қаласында төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда. Онда құрама жасақ жұмыс істейді. Алайда ондағы жұмыстар аяқталуға жақын деп айтуға әлі ерте.

Мамандардың айтуынша, тазалау жұмыстары жылға жуық уақыт алуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР ҚК Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатвалдинов мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери қызметшілер болашақта оқиға қайталанбас үшін әр шаршы метрді тазалайды.

«Осыдан бір жыл бұрын оқ-дәрілері бар қоймалар жарылған Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағын тазарту шамамен 3-5 жылға созылады. Қазір жарылыс ошағы болған бірінші аумақта негізгі жұмыс жүргізілуде. Оны тазалағаннан кейін әскери қызметшілер ең күрделі бөлімге кіріседі, келесі кезең-бұл қойма. Онда ең қиын жұмыс күтіп тұр», - деп атап өтті Асылбек Сатвалдинов.

Арыс қаласындағы жарылыстан арада бір жыл өтті. Снарядтар ұшып шыққан аумақтың ауданы 500 гектардан асады. Осы уақыт аралығында мамандар төтенше жағдайдың салдарын жоюда. Іздестіру топтары, инженерлік барлау және минасыздандыру жұмыстары іске қосылды. Олар 300 шаршы шақырымнан астам егістік алқаптарын зерттеді.  Ал мобильдік топ саперлері жергілікті тұрғындардың 740-тан астам өтінішін қабылдап, 4,5 мыңнан астам оқ-дәрі фрагменттерін залалсыздандырды.

«1 жыл ішінде Арыс қаласынан 380 мыңға жуық оқ – дәрінің фрагменті шығарылды, оның 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар. Тасымалдау үшін әскери қарауылдармен бірге 5 мыңнан астам автомобиль рейстері орындалды. Жарылыс қаупі бар фрагменттерді жою жұмыстары Арыс қаласынан 50 шақырым жерде «Бастарма» полигонында жүргізіледі», - деп толықтырды маман.

Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Руслан Шпекбаевтың мәліметінше, қазір көрші аумақта қалған инженерлік оқ-дәрілерді түгендеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Арыс қаласының жергілікті тұрғындарына орын алған жағдайға түсіністікпен қарағандарына, жарылыс қаупі бар заттар туралы ақпараттандырғандарына, тәртіп сақтағандарына және біздің әскери қызметшілерімізге қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасауға тырысамыз», - деді Руслан Шпекбаев.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын, 24 маусымда Арыс маңындағы әскери бөлімде оқ-дәрі қоймаларының бірінде өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан еді. Қайғылы оқиға салдарынан 3 адам қаза тауып, 160-тан астам адам зардап шекті.

 

Фото: lenta.inform.kz