Жеңістің 75 жылдығы: Мәскеудегі парад

Жеңістің 75 жылдығы: Мәскеудегі парад

Мәскеуде Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад өтті. Қызыл алаңдағы салтанатты шеруге Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Парадты Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Босния және Герцеговина, Молдова, Сербия, Оңтүстік Осетия мен Абхазия басшылары тамашалады.

Әскери парадты Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу қабылдады.Ал құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, армия генералы Олег Салюков басқарды.

1945 жылы 24 маусым күні  Қызыл алаңда КСРО-ның Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңуіне арналған парад өтіп, жеңімпаздардың  алғашқы легі өткен болатын. Сол жаңбырлы күні Мәскеудің көшелерінен қанды майданнан оралған мыңдаған сарбаздар мен офицерлер өткен еді. Міне,  75 жыл өткен соң, бүгінгі ұрпаққа ашық аспан сыйлаған санаулы ғана қалған соғыс ардагерлері,  қаһармандар, сұрапыл соғыс куәгерлері трибунаның ең құрметті орындарынан шеруді тамашалады.

Жалпы, биыл Жеңіс парадына 13 мыңнан астам әскери қатысты. Бұдан бөлек, 200-ден аса  дана заманауи және тарихи әскери техника шығарылды. Сондай-ақ, 75 ұшақ пен тікұшақ қатысты.

Парадқа ресейлік әскерлермен қатар 13 елдің: Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Үндістан және Сербияның сарбаздары қатысты.

Қызыл алаңмен Қазақстанның 36-шы десанттық-шабуылдаушы бригаданың әскерилері де  жүріп өтті. Оларды бригада командирі, подполковник Ұлан Нұрғазиев бастап шықты.

Әскери шеруден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: otyrar.kz