Қызғылт көл мен көк Лагуна: елорда маңындағы ерекше орын мыңдаған турист жинауда

Қызғылт көл мен көк Лагуна: елорда маңындағы ерекше орын мыңдаған турист жинауда

Көбейтұз немесе оны халық арасында «қызғылт көл» деп атап кеткен мекен өзіне мыңдаған туристерді тартуда. Ерекше аймақ елордадан 2 сағат қашықтықта, Ерейментау қаласының маңында орналасқан. Күн сайын әдемі фотосуреттер үшін мұнда көптеген туристер келеді. Ал кәсіпкерлер тіпті арнайы маршрут ұйымдастыратын болған.

Мысалы, бұл сапар Нұр-сұлтан қаласының тұрғынына 6 мың теңге болады. Алайда, арнайы сапарды ұйымдастырушылардың барына қарамастан көптеген адамдар өздері жетуге  тырысады.

Олардың қатарында елорда тұрғыны Анна Мутовкина бар. Әлеуметтік желідегі түрлі «қызғылт» фотоларды көріп, ол отбасымен және достарымен шағын саяхатқа аттануға шешім қабылдаған.

«Бұл мекен қазір үлкен танымалдылыққа ие. Біз де өзгелерден қалмай әдемі көлді өз көзімізбен көргіміз келді. Себебі көлдің қызғылт түске айналуы жиі бола бермейтін жағдай ғой. Бірнеше жылда бір рет қана болатындықтан мұндай әдеміліктен құр қалғымыз келмеді. Көлге біз өз көлігімізбен келдік. Ең бастысы көл күткенімізден де қызғылт болып шықты. Балалар да, біз үлкендер де керемет сезімде болып қайттық»,- деп, Анна өз әсерімен бөлісті.

Шын мәнінде, табиғаттың бұл құбылысы сұлулығымен таң қалдырмай қоймайды. Көптеген адамдар көлге барған сәтте тек фотоға ғана түсіп қоймай, сонымен қатар тұз және лаймен ванналарды да қабылдайды. Әрине, ғалымдар да, экологтар да әлі күнге дейін көл бетіндегі тұздың емдік қасиеттері туралы маңызды зерттеулер жүргізген жоқ. Сондықтан емдік қасиеті бар деп жар салу әлі ерте.

Мамандардың айтуынша, бұл жерде дуналиелла деп аталатын теңіз микробалдырының және тұздың үлкен мөлшерінің болуынан көл қызғылт түске боялған.

Ал егер сіз жақын арада аталмыш ерекше мекенге саяхаттаймын десеңіз, барып келгендерден лайфхак. Ауа райы қаншалықты ыстық болса, көлдің түсі соншалықты қанық қызылға бояла түседі. Сондықтан, түскі уақытта, күн шуағын төгіп тұрған кезде баруға кеңес береміз.

Айтпақшы, қызғылт көл - бұл тіпті де жыл жаңалығы емес. Жергілікті тұрғындар бұл ерекше құбылысқа баяғыда өз бағаларын беріп қойған. Алайда, Көбейтұз тек осы айда ғана трендке айналды. Республиканың өзге өңірлерінен адамдар арнайы келіп, кәсіби фотосессияларды да жақын арадан бастап жүргізе бастаған.

«Фотосессияға тапсырыс үйлену, love story-ларға келіп түседі. Бұл өте керемет деп ойлаймын. Ешқандай фотошоптың, әрлеудің керегі жоқ барлығын табиғат, пейзаждың өзі шешеді. Сұраныс үлкен, арнайы барамыз түсіреміз. Тапсырыс берушілердің барлығы қуанышты. Бір жағынан табиғатпен тілдесіп, кездесіп, екінші жағынан ерекше фотолардың иесі болады»-,деп өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті астаналық фотограф Марлен Әлімғазин.

Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының сүйікті орнына айналған тағы бір айрықша мекен ол – көгілдір лагуна. Елордадан үш шақырым жерде орналасқан су айдыны бүгінде фотосессия орнына айналды. Қазақстандықтардың фотосуреттерінің арасынан әдемі ландшафты және лазерлі суы бар суреттерді жиі кездестіруге болады.

«Біз, әрине, өзгелер секілді әдемі фотосуреттер үшін бардық. Қала тұрғындарының аузынан түспей жүрген жерді өз көзімізбен көру біз үшін қызық болды. Солай жолға естігеніміз, шамамен білгеніміз бойынша шықтық. Алаш тас жолының бойымен, жолда кездескен гипермакеттен Солтүстік айналмалы жолға бұрылып, Өндіріс көшесіне дейін жетпей, даладағы жолға түсіп, ол өзі кішкене түзу емес болатын. Не керек, ең соңында сол көк лагунаны таптық», - деді Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Мөлдір Әбдіхалық.

Дегенмен, астаналықтар «көгілдір лагуна» деп аталатын көлдің құпиясын біле бермейді. Зерттеушілердің айтуынша, көл жұмыс істемейтін карьер орнында пайда болған және сирек кездесетін, әдемі түс су силикат кірпішін өндірген кезде, соның қалған қалдықтарынан пайда болған. Сарапшылар бұл суға түсу адам өміріне қауіпті екендігін айтады.

«Адамдар аз болған жоқ. Барлығы әдемі фотосуреттердің ізінен келгендер. Әрине жалпы көрініс әдемі. Бірақ жерде қоқыс өте көп. Қоқыс жинайтын орын да жақын жерде орналасқан екен. Жақсы ракурс тауып, қалаған фотосессияны жасауға әбден болады. Бірақ егер пикник жасаймын десеңіздер, ол жағы қиындау»-, деп сөзін толықтырды Мөлдір.

Осы ретте, әдемі фотоссесия үшін әдемі орындарға оңай барып-келіп жүргендерге коронавирус инфекциясының кауіпі әлі де төніп тұрғандығын еске саламыз. Саяхат кезінде маска кию, қашықтықты сақтау секілді санитарлық ережелерді сақтау маңызды. Себебі тек қызғылт көлдің өзіне жеке автокөлікпен барушыларды санамағанда, күніне 6 автобус турист барады екен.

Авторы: Ақзер Сегізбаева