«BIZ BIRGEMIZ»: 343 адам «Халық алғысы» медалімен марапатталды

«BIZ BIRGEMIZ»: 343 адам «Халық алғысы» медалімен марапатталды

«Біз біргеміз» онлайн-форумы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент коронавирус індетінен көз жұмған жандардың жақындарына қайғыра көңіл айтты. Қазір қатерлі кесел қайта өршіп жатқаны байқалады. Елді тағы бір сынақ күтіп тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы қазіргідей қысылтаяңда жұдырықтай жұмыла білейік деді.

«Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойламын. Әр адам өз туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл - қазіргі заманның талабы. Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтық ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын, «сақ жүрсең сау жүресің», «сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты ары қарай жалғастыра береміз», - деді Қазақстан Президенті.

Президент қауіпті індеттен қаймықпай, отандастарымыздың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткен сала мамандарына алғыс білдірді. Осы ретте Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелері - Полиция күнімен құттықтады. «Мемлекеттік қызметшілердің және ақ халатты абзал жандардың да төл мерекесі құтты болсын!» деген тілегін де жеткізді.

«Отан алдындағы сертке берік болғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сондай-ақ, әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдардың өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық. Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз. Баршағызды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында төтенше жағдай кезінде белсенді жұмыс істеген бір топ азамат мараптталды.

«Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Жаңа мемлекеттік марапат осындай нағыз отаншылыл азаматтарға тапсырылады деп сенемін», - деді мемлекет басшысы.

Жаңадан тағайындалған марапат медицинада, құқық қорғау органдарында, әскери салада және бұқаралық ақпарат құралдарында өкілдеріне берілді. Арасында жағдайы жұтаң жандарға қол ұшын созған еріктілер мен қайырымды жандарда  бар.

«Осы сахнада өзімнің еңбек жолымды еске алдым. Кардиохирургиядағы 15 жылда қуанышты және қайғылы сәттер болды. Бірақ, дәл бүгінгідей қатерлі пандемия салдарын көрмедік. Бұл коронавирустың ерекшелігі –балаларымыз бен ата-аналарымызға зақым келтіріп жатыр. Бүгін таңертең өз әріптесіме жансақтау жүйесін орнаттым. Бұл өте қорқынышты. Біздің үнемі жұмыста болып, отбасымыздан жырақта жүргеніміз үшін емес, вирустың шекараға бағынбайтыны қорқынышты. Бақытымызға орай, науқастардың көрер жарығы бар немесе үмітсіз деп бөліп жатқан жоқпыз. Барлығын бірдей емдеуге тырысудамыз», - деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков марапаттау рәсімінде.

Жалпы, пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы осындай ерекше құрметке бөленді. Олардың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 ерікті, 34 меценат, 38 мәдениет және білім өкілдері, 25 БАҚ қызметкері бар.

 

Фото: egemen.kz