Жошы хан кесенесінің құббасы Ұлытауда сақтаулы тұр

Жошы хан кесенесінің құббасы Ұлытауда сақтаулы тұр

Алтын орданың тарихына тікелей қатысы бар құнды жәдігер Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан тарихи-мәдени ұлттық қорық-мұражайында 2011 жылдан бері сақтаулы. Бұл - Жошы хан кесенесі күмбезінің ұшар басында қойылған құбба. Мұражайдың бас қор сақтаушысы, аталмыш құнды затты мұрадайға түскелі бері қарап, баптап келетін маман Баян Шайгөзованың айтуынша, құбба кез келген ескертіште бола бермейтін ерекшелік екен.

«Жошы Хан Шыңғысханның үлкен ұлы, қазақ хандарының атасы болғандықтан болар, сол заманда оның ескерткішіне осы құббаны қойғандары. Мысалы республикада сәулет өнерінің айрықша аталатын 10 ескерткіші болса, соның бірі осы Жошы Хан ескерткіші болып табылады. Оның мазарының төбесіне осы біз айтып отырған құбба қойылған. Ол қыштан жасалған. Құбба сөзі ислам мәдениетінде күмбез немесе сол ескерткіштіңің өзі деген де мағынаны білдіреді екен»-, дейді мұражайдың бас қор сақтаушысы.

Маманның айтуынша, құбба мұражайға келіп түскенше бірнеше реконструкциядан өткен. Сондай бір қайта жөндеу жұмыстары кезінде оның бір бөлігі жоғалып қалған деген де ақпарат бар.

«1973 жылы Марат Сембин ағамыз бастаған зерттеушілер тобы экспедицияға шығады. Зерттеу барысында осы Жошы Хан кесенесіне келгенде күмбезінің құлап жатқанын көреді. Құлаған үйінділерге зерттеу жүргізу барысында ғалымдар осы құббаны табады. Қазір біздің мұражайда оның екі бөлігі бірінің үстіне бірі мінгізіліп тұр. Алайда, Марат ағамыздың айтуынша, тағы бір үшінші тостаған тәріздес бөлшегі болған екен. Сонау 1974 жылдан бері бәлкім жоғалды, бәлкім бір сол жылдан бері тұрған музейдің бірінде қалып кетті деген болжам бар»-, дейді маман.

Баян Шайгөзованың «Ұлытау» тарихи-мәдени ұлттық қорық-мұражайында қызмет еткеніне биыл 26 жыл болады екен. Әр жәдігер келер ұрпаққа біздің ата-бабаларымыздың кім болғанын жетік жеткізетін бірден бір құрал дейді ол. Маманның пікірімен музей директоры Бақтияр Қожахметов та келіседі. Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту аясында мұражайдың қызметі қыза түскен. Мұнда келушілер қатары да артқан. Туристерге ыңғайлы болуы үшін Ұлытау ауданында орналасқан Жошы Хан кесенесіне арнайы жол және туристік тарихи кешен салынуда.

«Биыл Алтын Орданың мерейтойын тойлау барысына түрлі экспедиция, конференция мен  кітаптардың жарық көруімен қатар, Жошы Хан кесенесінің жанына тарихи кешен, музей, қонақ үйімен және асханасымен салынуда. Туристер үшін тартымды аймаққа айналады деген сенім бар. Кешенді тамыз айында ашуды жоспарлап отырмыз», -деді «Ұлытау» тарихи-мәдени ұлттық қорық-мұражайының директоры Бахтияр Қожахметов.

Осылайша, тарихқа бай өңір, талай тартыс пен шацқастың куәсі болған мекен - Ұлытау өңірі келушілерге ыңғайлы әрі тартымды бола түсері хақ.

Авторы: Ақзер Сегізбаева