ҰБТ-2020: сынақтың алғашқы күні қорытындыланды

ҰБТ-2020: сынақтың алғашқы күні қорытындыланды

ҰБТ талаптарын бұзғаны үшін және тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 164 талапкер сынаққа жіберілген жоқ. 73 адам тест басталмас бұрын, 91 түлек сынақ тапсыру барысында анықталды. Алғашқы сынақ күнінің қорытындылары туралы ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлімдеді.

«Кеше дене қызуы бар 2 адам тестілеуге жіберілмеді. Оларға басқа күні бөлек аудиторияда тест тапсыру мүмкіндігі ұйымдастырылады. Ондай тест тапсырушылар коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе ауруға шалдыққан адаммен байланыста болуы мүмкін. Сондықтан ауруы жоқ деген тест нәтижесі қолында болуы керек», - деді Наужан Дидарбекова.

Ұлттық сынақтың алғашқы күнінің қорытындысына келер болсақ, шекті балл жинағандардың саны 4 222 адамды құрады.

«Бұл тест тапсырушылардың барлығының 68,3 пайызына тең. Ал шекті балл жинай алмағандар - 1 964 тест тапсырушы, яғни 31,7 пайыз. 130 балдан жоғары жинағандар - 39 түлек. Қазіргі таңда аппеляцияға өтініштер қабылданып жатыр. Ережеге сәйкес, өтініштер 13:00-ге дейін қабылданады», - деді Наужан Дидарбекова.

Оның атап өтуінше, жергілікті аппеляциялық комиссия өтініштерді қанағаттандырған жағдайда республикалық аппеляциялық комиссияға нақты шешім қабылдау үшін жолданады. Нәтижесі бүгінгі күннің соңына дейін беріледі. Жалпы, ҰБТ соңғы нәтижелері тамыз айында нақты белгілі болады. Өйткені, биыл норма енгізілді. Оған сәйкес, 25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейнежазбаларға арнайы бағдарламаның көмегімен талдау жүргізеді. Егер сынақ барысында тест тапсырушы тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда олардың нәтижелері жойылады. Егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болса, онда грант нәтижесі де жойылуы мүмкін деді Наужан Дидарбекова.

Еске салайық, 21маусымда елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.  Сынақтар барлық 15 өңірде құрылған 164 арнайы пункте өтті. Олардың 44-і ауылды аймақтарда орналасқан. Жалпы, бұл күні тест тапсыруы керек 6512 түлектің 6182 нақты сынақтан өтті. Биыл тестілеудің жалпы уақыты 10 минутқа ұзартылғанын айта кету керек.

«Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрбір тест тапсырушыға 1 сұраққа жауап беру үшін 2 минутқа жуық уақыт берілді. Бұл халықаралық сынақтардан әлдеқайда көбірек. Оларда әрбір тапсырмаға 1 минут 2 секунд уақыт беріледі», - деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары 

Наужан Дидарбекованың хабарлауынша, бұл тәжірибе пандемиядан кейін де қолданылатын болады. Аталмыш өзгеріс ҰБТ өткізу туралы заңға еңгізілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kp.kz