Пандемия кезіндегі йога: ежелгі жаттығулар вирусқа қарсы тұруға көмектесе ме?

Пандемия кезіндегі йога: ежелгі жаттығулар вирусқа қарсы тұруға көмектесе ме?

Хатха, вихрам, аштанга-виньяса. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған сөздердің мағынасын түсінетін қазақстандықтар бірең-сараң еді. Алайда, қазір елімізде йоганың барлық түрі ерекше танымал әрі сұранысқа ие. Жалпы күллі әлемде соңғы 10 жылда ежелгі рухани, психологиялық және физикалық практикалар 4 есе танымал бола түскен. Биыл міне алтыншы жыл қатарынан 21 маусым Халықаралық йога күні ретінде ресми түрде атап өтіліп келеді. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди ұсынған бұл бастаманы бірден 175 мемлекет қолдаған болатын. Осылайша, йоганы дәріптеуші және онымен айналысушылар жыл сайын саябақтар мен парктерде жиналып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптарын ұйымдастырады. Биылғы мерекені басқа мейрамдар секілді әрине онлайн форматта өткізуге тура келді. Әр жылы әр түрлі ұранмен өтетін айрықша мейрамның биылғы  үндеуі «GharGharseYoga», яғни «Үйдегі йога» болды.

«Йогамен айналысуда технологиялардың ролі маңызды. Оның үстіне қазіргідей ара қашықтықты сақтау, Covid-19 індетін жұқтырып алуға жол бермеу сынды шаралар кезінде тіптен өзекті. Осыған орай, бізде Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модидің йоганың түрлі әдістерін көрсеткен анимацияланған 3D форматындағы бейнежазбаларының тізімі бар», - деп айтып берді Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Прабхат Кумар.

Айта кетейік, Қазақстандағы Үндістан Елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдениет орталығында мейрамға орай қашықтан оқыту ұйымдастырылған.

Жалпы, елшіліктің ұйымдастыруымен көпшілікке арнайы көптеген онлайн сабақтар өтеді. Толық ақпаратты дипөкілдіктің Фейсбуктегі парақшасынан білуге болады. Ал таза ауада йогамен айналысуға мүмкіндіктері болған қалаларда мереке сыртта тойланды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 40 адамның басы қосылып шеберлік сабағын өткізді. Олардың дайындаған дәрістерін мыңнан аса спортсүйер қауым онлайн тамашалады.

«Йога – ежелгі Үндістанның бүгінгі әлемге қалдырған тартуы. Барлығымыз бірге осы игілікті үдеріске қосылып, рухани жанымыздың тазаруына атсалысайық. Осылайша, өзінің ішкі жан-дүниесімен үйлесімділік таба алған адамдар бақытты, салауатты және үйлесімді қоғам құрып, өмір сүре алады», - дейді дипломат.

Йога стрессті жеңіп шығуда үлкен көмекші екендігін атап өткен жөн. Ол агрессияны азайтып, адамды сабырлыққа үйретеді. Қазіргі пандемия кезінде йогамен айналысушылар саны артуда. Мамандардың айтуынша, карантин кезінде денсаулықты бір қалыпта ұстап, иммунитетті көтеруде ежелгі практикалардың пайдасы зор.

Авторы: Ақзер Сегізбай