Бельгияда қазақ мәдени орталығы ашылды

Бельгияда қазақ мәдени орталығы ашылды

Бельгия астанасы Брюссельде Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен «Тіл-Қазына» атты қазақ мәдени орталығы өз есігін ашты. Ол дипломаттар мен осындағы қазақ диаспорасының өкілдері үшін Атамекенмен байланысын үзбеу бағытында қызмет ететін болады, деп хабарлайды Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшілігі.

Орталықта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақтар, Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы семинарлар, тіпті қазақ қолөнері мен қазақ тағамдары бойынша шеберлік сыныптарын өткізу жоспарлануда. Мұнда келушілер қазақ тілін меңгеріп, тарихымен және мәдениетімен жақынырақ танысып, елшіліктің кітапхана қорын пайдалану мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, мұнда екі жыл бұрын елшілік құрған қазақ би орталығы да өз жұмысын жалғастырады.

Ерекше атап өтерлігі, Қазақстаннан асырап алынған балалар үшін де орталықтың есігі айқара ашық.

«Өз отанынан жырақта жүрген бүлдіршіндеріміз және олардың отбасылары үшін мәдени орталығымыздың есігін ашып отырмыз. Сонымен қатар, қазақ мәдениеті және тілімен танысамын деген басқа да қонақтарымызды асыға күтеміз», - дейді ол.

Бүгінде мәдени орталық 30 балаға дейін қабылдайды. Алдағы уақытта бейнебайланыс арқылы аудиторияны кеңейту жоспарланған. Елшіліктің мәліметтеріне сай, Бельгияда бүгінде 600 Қазақстан азаматы тұрады.


Фото: inform.kz