Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қарағандыда еске алу шарасы өтті

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қарағандыда еске алу шарасы өтті

Бүгін Ұлы Отан соғысының басталғанына - 79 жыл. 1941 жылы дәл осы күні шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. Осылайша тарихта 1939-1945 жылдарға созылған ІІ Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы - Ұлы Отан соғысы басталды.

Осынау тарихи датаға орай Қарағандыда халықаралық еске алу акциясы өтті. «Бейбітшілік пен жасампаздық үшін Біз бірге жеңдік» атты ауқымды жобасына қатысушылар «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, шырақ жақты. Іс-шара онлайн режимінде көрсетілді. Мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері майданда қаза тапқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің рухына тағзым етті.

«Адамзат тарихындағы ең қанішер соғыста, неміс фашизмімен күресте Отан үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың есімдерін мәңгілік ету – біздің парызымыз. Басқыншыларды ойсырата жеңуде, ең алдымен, біздің жауынгерлерді Отанға деген махаббат пен бірлік бірік біріктірді. Біз қазіргі ұрпақ Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен жауынгерлердің ерлігіне лайықты екенімізді дәлелдеуге тиіспіз», - деді «Согласие» орыс мәдени орталығының төрағасы Степан Вадюнин.

Ал Ертіс өңірінде соғыс жылдарынан сыр шертетін естелік кітабы жарық көрді. «Войной опаленные строки» басылымында тарихи деректер, майдан жылдарындағы құжаттар мен  жауынгерлердің  хаттары топтастырылған. Оқырман назарына  фотосуреттер, үнқағаздар мен соғыста мерт болған азаматтардың қара қағаздарына дейін ұсынылған. Туынды авторлары Вера Болтина, Людмила Шевелёва және Татьяна Покидаева әскери құнды деректерді  мемлекеттік мұрағаттардан тауып, жеке адамдардың  қолындағы материалдармен  толықтырған.

«Бұл сол жылдардан қалған керемет естеліктер. Майдан даласынан жазылған хаттар әсерге толы. Жауынгерлер хат арқылы туыстарына, жақындарына болып жатқан оқиғаларды айна-қатесіз жеткізіп отырған. Мәселен, ағайынды үш жігіт бір жерде соғысқан. Туыстары олардың үшеуі де тірідей өртеніп кетті деп ойлайды. Кейін біреуі аман қалғаны белгілі болады. Өкінішке қарай, артынан ол  басқа шайқаста қаза табады. Осы кітапта сол тарихи дерек келтірілген»,- Павлодардағы география үйінің директоры Александр Вервекин.

 

Фото: kzaif.kz