Аида Балаева: Шетелдегі қандастарды қолдау бағдарламасы әзірленді

Аида Балаева: Шетелдегі қандастарды қолдау бағдарламасы әзірленді

Шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған бағдарлама әзірленді. Бұл жөнінде Сенаттың жалпы отырысында еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.

«Шетелдегі отандастарымызды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Атажұртқа оралған қандастарымыз көп. Бұл мақсатта жүйелі жұмыстар легі жүргізіліп жатыр. 2018 жылы «Отандастар» қоры құрылды. Қор қазіргі таңда белсенді түрде жұмысын жалғастыруда», - деді министр.

Министрдің мәліметіне сәйкес, соңғы бір жарым жылда қандастарды қолдау мақсатында 3 мыңға тарта шара ұйымдастырылған. Соның ішінде, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, жастардың атажұртпен байланысын нығайта түсуге және оларды қолдауға айрықша назар аударылған.

«Балалар лагері ұйымдастырылып, қазақ тілін үйрену курстары басталды. Әдістемелік құралдар әзірленді. Әлемдегі 12 мемлекеттің 23 қаласында қазақ тілін үйретуге арналған 31 онлайн-сынып ашылды. Олар қазір белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Шетелдегі 250 қазақ орталығымен ынтымақтастық орнатылды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады», - деді А.Балаева.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қандастардың мәселесін ерекше назар аудару керектігін айтып өтті.

«Азаматтық алу үшін құжаттардың тізімін азайту және осы рәсімді жеңілдету мәселесі бар. Бүгінгі күні қандастарымыз бұл жұмыстармен басы қатып жарты, тіпті бір жылға дейін жүреді. Ана жақтан, мына жақтан қағаздарды жинау керек деп, әуре-сарсаңға түседі. Қандастарымыз осы рәсімді жеңілдету мәселесін жиі көтереді. Бұл жерде де Үкімет тарапынан бір жұмыстардың басталғанын білеміз. Нақты нәтиже болар деп үміттенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liter.kz