Түркістандағы қолөнершілер мектебі түлек ұшырды

Түркістандағы қолөнершілер мектебі түлек ұшырды

Қолөнер – ұлттық бренд. Ол халықтың байырғы замандардан бергі мәдени дәстүрлерін, философиялық, эстетикалық танымын, бірегейлігін көрсетеді. Оны жоғалтпай, ізін жалғастырып отырған шеберлердің еңбегі өлшеусіз. Түркістанда қолөнершілерге шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік беретін мектеп жұмыс істейді. 2014 жылы ашылған білім ордасында 8 үйірме сыныбы және бір даярлық тобы жұмыс істейді. 200-ден астам бала сурет және кескіндеме, ағаш, тері және былғары өңдеу, зергерлік, керамика, тоқыма және гобелен мен тігін және дизайн бағыттары бойынша аптасына 3 рет осында келіп шеберліктерін шыңдайды. Жеткіншектерге он саусағынан бал тамған шеберлер сабақ береді. Олар шәкірттеріне ұлттық қолөнердің қыр-сырын  үйрете отырып, заман ағымына сай жетілдірілген бірегей техникаларды меңгеруге көмектеседі.

«Бұл – ұлттық нақыштағы, біздің салт-дәстүр, өзіміздің қолөнерімізді оқытатын бірден бір білім ошағы. Осы қалаға келген қонақтарды тарту, біздің өзіміздің қолтаңбамызды сол кісілерге есткелік ретінде қалдыру, қаламызды әлемге таныту, осы бағытта біздің шеберлеріміз, ұстаздарымыз жұмыс істейді. Келешекте сәулет өнеріне де үлес қосып, өнер ошақтарын жасауға атсалысамыз. Жастарымыз соған бейім болады деп сенеміз», дейді қалалық қолөнер мектебі директорының орынбасары Құрманбай Мырзақұлов.

«Ана көрген тон пішер» демекші, Гүлбану Сабырға киіз басып, кілем тоқуды әжесі үйретіпті. Кейін құрақ құрауды меңгерген. Қолының ебі, өзінің икемі болған соң анасы осы мектептке берген. Үш жыл ішінде бесаспап шеберге айналған. Тоқыма тоқудың талай әдісін меңгеріп, киізден түрлі бұйымдар жасайды.

«Болашақта ұлттық құндылықтарымызды келешек ұрпаққа қалдырып, тоқыма класынан беретін мұғалім болғым келеді, дейді қолөнер мектебінің оқушысы Гүлбану Сабыр.

Қолөнер мектебіне келген балалар алдымен даярлық сыныбына түсіп, 2-3 жыл оқиды. 5 сыныптан кейін ғана үйірмеге қабыланады. Ал оқуын аяқтар жылы бар өнерін салып, ауқымды дүние жасайды. Диплом жұмысын қорғап, арнайы куәлікке қол жеткізеді. Айша Пернебаева мектепті биыл бітіріп отыр.  

«Бүгін біз диплом алдық 4 жыл оқып, қатты қуанып тұрмын. Менің дипломдық жұмысым «Кестелі кербез» деп аталады. Заманауи сән әлемінде қолданысқа беріледі. Бұны тігуге менің 3 ай уақытым кетті. Мен болашақта осы мамандықты ары қарай жалғастырғым келеді. Нұр-Сұлтан қаласына оқуға түссем деп жоспарлап отырмын», дейді Айша Пернебаева.

Түркістандағы балалар қолөнер мектебі – ұлттық қолөнер түрлеріне үйрететін еліміздегі жалғыз орталық. Биыл мектептен 18 оқушы түлеп ұшты. Олар 8 мамандық бойынша 4 жыл білім алып, куәліктерін қолына ұстады. Жалпы, 6 жыл ішінде осы шаңырақтан мыңға жуық шәкірт түлеп ұшқан. Қазір олардың көбі өз мамандықтары бойынша еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алуда.

 

Фото: inform.kz