Маңғыстау облысының туристік төлқұжаты әзірленді

Маңғыстау облысының туристік төлқұжаты әзірленді

Киелі мекендер мен ерекше сәулетті нысандар, теңіз бойындағы ойын-сауық орындары. Бұның бәрі Маңғыстау өңірінен табылады. Бұл аймақтың  ішкі саяхатпен  қатар сыртқы туризмді дамыту әлеуеті зор. Мұнда жыл сайын 200 мыңнан астам турист келеді. Қонақтарды қарсы алу үшін облыста қолайлы жағдайлар жасалған. 7 бірдей жеке жағажай, 19 демалыс базасы мен 90 астам қонақ үй қызмет етеді.

Әрбір туристік нысанның өзінінің төлқұжаты бар. Енді Маңғыстау өңірінің жалпы туристік төлқұжаты әзірленді. Мамандар осы арқылы аймақтың бірыңғай брендін дамытуды көздеп отыр. Онда теңіз жағалауындағы өлкенің туристік әлеуеті жөнінде барлық ақпарат, демалыс бағыттары мен карталары құрылған. 

«Буклеттерде Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының топ 10 демалыс орны бойынша бар ақпарат берілген. Осы сала бойынша қызмет көрсететін компаниялар жөнніде мәліметтер келтірілген. Қазір халықаралық әуежай мен қаланың қонақ үйлерінде ақпараттық бұрыштар әзірленіп жатыр. Онда туристік компаниялармен бірлесіп құрған бағыттар бойынша ақпарат жайғасады. Сондай-ақ visitmangystau.kz атты арнайы сайт іске қосылды.  Инстаграмм,  Фейсбук сынды әлеуметтік желілерде туристерге қажет болатын Ақтау қаласы  мен Маңғыстау облысының көрікті жерлері жөнінде мәліметтер жарияланып жаңартылып тұрады. Ақпараттық насихат жұмыстары жыл бойы тоқтамай жалғасады», - деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.   

Біз Маңғыстау өлкесінің және аймақтың әкімшілік орталығы – Ақтау қаласының ең көрікті орындарының тізімін ұсынамыз. 

1. Бозжыра тауы – Үстірт қорығының бұл көркем жері көпшілікке бейтаныс. Әктас және таулы қалдықтардан түзілген әсем жартастардың барын екінің бірі біле бермейді. Әктас шыңдары аспанға созылып, екі шоқтың пішініне ұқсайды. Мамандар жергілікті табиғаттың таңғажайып көрінісін тамашалағысы келетін әрбір адам міндетті түрде сырға толы мекенге баруы тиіс деп санайды. 

Фото: tourister.ru 

2. Бекет ата жерасты мешіті - Үстірт ойпатының Оғланды шатқалында орналасқан. Мешіт табиғаты көркем ақ тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалынған. Ішіне кірер жерде кішкене алаң бар. Ол жоғарғыдан жарық түсетін күмбез тәрізді ауыз үй.  Оның батыс жағында оңтүстікке қаратылған намазхана орналасса, ал оңтүстік-шығысында Бекет атаның өзі жерленген. Жер асты ғимараты маңында кезінде Беккет ата пайдаланған бұлақтар, құдықтар бар. Бұрындары жалғыз аяқ жолмен баратын қасиетті жерге қазір көлікпен жетуге болады. 

Фото: visitKazakhstan.kz

3. Қарақия ойпаты. Кейбір нұсқаларда Қарақия ойпаты «Қара құлама» деп аударылады. Қарақияның ең терең нүктесі – оңтүстік бөлігінде, дүниежүзілік мұхит деңгейінен 132 метр төмен орналасқан, әлемдегі ең терең ойпаттардың бірі саналады.

Фото: wikimapia.org

4. Шерқала тауы. Аңызға бөленген Шерқала тауы Маңғыстау өңірінің құтты мекендерінің бірі. Ол бір жағынан көшпенділердің алып киіз үйіне ұқсайды. Енді біреулер аң патшасы жолбарысқа ұқсатады. Шерқала жайындағы аңыздардың бірінде, ертеректе бір топ айбынды жауынгер тауды жаудан қорған еткені айтылады. Асқан ерлік пен еркіндіктің нышанына айналған өткелге осыдан Жолбарыс тауы немесе Шерқала деген атау берілген деседі.

Фото: iegres.kz 

5. Торыш шар алқабы – Торыш шатқалы саяхатшыларды дөңгелек пішіндегі үйінді тас кесегін өз көздерімен көру үшін тартады. Олар әртүрлі көлемде әр түсті, көбінесе тас тұнбасы жыныстарынан тұрады.

Фото: dostoyanieplaneti.ru 

6. Ақтау жағалауы. Ерекше желекжол Ақтау қаласының көп бөлігін бойлай салынған. Бүгінде ол ақтаулықтар мен қала қонақтарының Каспий теңізінің керемет көріністерін тамашалап, серуен құратын шаһардың сәулетті мекендерінің біріне айналды.

Фото: drive2.com 

7. Тау соқпағы. Тау мен теңіз арасындағы бұл жаяу жүргіншілер жолы да ақтаулықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі. Қамал кейпінде салынған бірегей сақпақтың бүгінде ТМД аумағында баламасы жоқ.

Фото:  informburo.kz 

8. Аквариус. Бұл Каспий жағалауында орналасқан қонақүйлердің біріндегі құнды әрі сирек кезігетін балықтарға арналған аквариум залы. Қазіргі таңда салмағы 1,5-4 килограмға дейінгі 400 тарта су жәндігі мекен етеді. Алып су қоймасын құрудағы мақсаттардың бірі – Қызыл кітапқа енген балықтарды көпшіліккке таныстыру. Сондай-ақ, Каспий теңізіне жіберілетін берке тұқымдастарын өсіруге арналған.

Фото: hotellook.ru

9. Судағы демалыс. Жергілікті аймақтың ерекшеліктерімен танысудың бірден-бір жолы теңіз экскурсияларына қатысу. Ол үшін катамаран, яхта сынды су қайықтарының қызметіне жүгінуге болады. Жарты сағаттың ішінде теңіз жағалауының 7 км. жүзіп өтіп, Ақтаудың көркін су бетінен тамашалауға мүмкіндік бар.

Фото: marin.kz

10. Жағажай аймағы.  Ақтауда ұзындығы 40 км-ге дейін созылған ерекше жағажай бар. Жергілікті табиғи ерекшеліктерге сай бұл жердің суы өзге аймақтардан жылырақ. Оның бойында демалыс орындарының түр-түрін кезіктіруге болады. Демалушылардың біріде қалауын таппай кетпейді. 

Фото: tripadvisor.ru

Алдағы бірер жылда жергілікті билік өкілдері туристер ағынын 1,5 есеге арттыруды көздеп отыр. Ал 10 жылдан кейін бір маусымда 740 мың адамды қабылдау межеленген. Сондай-ақ, аймақта этникалық, мәдени және экологиялық туризм бағыттарын дамытуда әлеует мол.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: express-k.kz