Қазақстандық шенеуніктер шетінен оқшауланып жатыр

Қазақстандық шенеуніктер шетінен оқшауланып жатыр

Коронавирус жұқтырған министр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың міндетін орынбасары Ләззат Ақтаева атқарады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті. Ләззат Ақтава 2017 жылдың 28 ақпанында еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған. Оның хабарлауынша, министр ауруханада жұмысын қашықтан жүргізіп, штаб қызметін реттеп отыр.

«Елжан Амантайұлы клиникалық хаттамаға сай ем-домын қабылдауда. Ағзасы вирусқа қарсы терапияны жақсы көтеруде. Емін қабылдағаннан кейін, жазылып, өз жұмысына кіріседі деген ойдамыз», - деді Диас Ахметшәріп.

Коронавирус қаупіне байланысты шенеуніктер шетінен оқшауланып жатыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың  қатарына бүгін тағы екі лауазымды тұлға қосылды. ҚР Экология, геология және табиғи ресустар министрлігі Мағзұм Мырзағалиевтің коронавирус қаупіне байланысты оқшауланғанын хабарлады.

«Мағзұм Маратұлы өткен жұма күні Денсаулық сақтау министрімен бірге ұшып келді. Сондықтан байланыста болған тұлға ретінде оқшауланды. Министр тест тапсырды, нәтижесі теріс. Апта соңында тағы тапсыратын болады. Дегенмен, ол барлық жұмыс жиналыстарын, келіссөздерді онлайн режімде өткізіп жатыр», - деді министрдің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та вирусқамаққа түсті. Алайда, министр қатерлі індет жұқтырған Елжан Біртанов, президентттің баспасөз хатшысы  Берік Уәлимен немесе депутат Бекболат Тілеуханмен кездеспеген. Бәрі Мәскеуде өтетін парад қамы. Осыған қатысты министр 11 маусымнан бері оқшауланған режимге көшті.

«ҚР Қорғаныс министрі ресейлік әріптесі – армия генералы Сергей Шойгудың шақыруымен мерекелік шараларға қатысады. Өзін-өзі оқшаулау шарасы шет елдерге бару тәртібін, дәрігерлердің ұсыныстарын, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып қабылданды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштердің қызметі телефон арқылы және бейнеконференция арқылы басқарылады. Өздігінен оқшаулау режимінің аяқталу күні туралы шешім Мәскеуден оралғаннан кейінгі министрдің денсаулық жағдайына байланысты қабылданады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: chistovik.info