Алматы карантиндік шаралар күшейтілген аймақтар қатарына қосылды

Алматы карантиндік шаралар күшейтілген аймақтар қатарына қосылды

Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы Алматы қаласында карантин талаптарын күшейтуге түрткі болды. Осылайша қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығы, сауда және ойын-сауық орталығы, базардың жұмыс уақытына өзгеріс енгізілді. Бұл жайында қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің соңғы қаулысында көрсетілген. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар, ұлттық компания филиалдары және басқа да кеңселерде қызметкерлер саны 30 адамнан көп болса, 50% қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру қажет.

«Адам көп жиналатын іс-шараларға шектеу қойылды. Меншікті үйлер, ғимараттар жалға беріледі, біз оған да шектеу қойып жатырмыз. Жекеменшік үйлерде адамдардың жаппай жиналуына және іс-шаралар өткізу үшін жалға беруге және жалға алуға тыйым салынды», - деді ол.

Мұндай шектеулерді енгізу инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатуға бағытталып отыр. Соңғы кездері қатерлі індет деректері көбейіп барады деді,  Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері.  Мәселен, жақында бір ғана «Рахат» фабрикасында бес жүзге жуық адамнан инфекция табылды.

«Алдымен фабриканың бір қызметкерінен жоспарлы операцияға жіберілген кезде коронаврус анықталды. Содан кейін стационарлық тепловизор көмегімен сегіз адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Олар жоғары температурамен жұмысқа келген. Жедел жәрдем шақырылып, жұмысқа жіберілмеді», - деді Жандарбек Бекшин.

Осы жағдайдан кейін дәрігерлер кәсіпорынның мың жарым қызметкерін тексерді. Ауру белгісі жоқ 467 адам анықталды. Қазір барлығы үй карантиніне жіберілді, оларды емхана дәрігерлері бақылайды.

Еске сала кетейік, 13 маусымда кондитерлік фабрика қызметкерлерінен коронавирус табылып, кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатты. Бастапқыда кәсіпорын 15 маусымға дейін жабылды, енді карантин уақыты бір аптаға – 23 маусымға дейін ұзартылды.

 

Фото: harpersbazaar.kz