Смоленск түбінде қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі туған елінде қайта жерленді

Смоленск түбінде қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі туған елінде қайта жерленді

Өліге құрмет – тіріге міндет. Екінші дүниежүзілік соғыста Смоленск түбінде қаза тапқан қазақстандық жауынгер Өмірзақ Қазанқаповтың сүйегі арнайы борт арқылы Ресейден Семей қаласына жеткізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Солдаттың сүйегін «Поиск» Мәскеу қоғамдық ұйымының «Кобальт» іздестіру жасағы Смоленск облысы Темкин ауданының аумағына далалық шығу кезінде тапты. Әскери қызметші туралы ақпарат 1925 жылғы үлгідегі жақсы сақталған солдат медальонының бланкі негізінде анықталды. Іздеу жасағы сарбаздың туған-туыстарын ұзақ уақыт іздеді. Нәтижесінде Семей қаласынан шөбересі Омарғали Мадияр мен Павлодардан шөбересі Ләззат Қазанқапова табылды»,- деп жазды ведомствадағылар.

«Кобальт» іздестіру жасағының командирі сарбаздың сүйектерімен бірге туыстарына оның жеке заттарын табыс етті. Атап айтқанда, каска, саперлік күрек, сабын салғыш, саптыаяқ, медальон, рамкадағы жапсырма, тарихи анықтама және құжаттары бар медаль.

Өмірзақ Қазанқапов 120-шы жеке атқыштар бригадасының құрамында Ржев-Сычев шабуыл операциясына қатысқан кезде 1942 жылдың 14 тамызында қаза тапқан. Туыстары оның қаза тапқан жері  туралы 78 жылдан кейін ғана білді.

Қаза тапқан сарбаздың сүйегі Семей қаласындағы зиратқа әскери құрметпен қайта жерленді.

 

Фото: inbusiness.kz