Карантиндік шаралар қайта күшейтіліп жатыр

Карантиндік шаралар қайта күшейтіліп жатыр

Коронавирустың таралу қаупі сейілмей тұр. Covid-19 қаупіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында 15 маусымнан бастап балабақшалар, кинотеатрлар мен ойын орталықтары қалыпты режимде ашылып, жұмыс істемейтін болды.  Қала әкімдігі балабақшалар кезекші топтар арқылы, яғни бір топта 15 баладан жұмысын жалғастыратынын хабарлайды. Ең бірінші кезекте балаларын үйіне қалдыруға мұршасы жоқ ата-аналар үшін қызмет етеді. Мектепке дейінгі ұйымға бармаған жағдайда баланың орыны сақталады. Балабақшаға қабылдау үшін учаскелік педиатрдың баланың денсаулығы жайлы анықтамасы болуы тиіс. Баланы балабақшаға қабылдар алдында тәрбиешілер ата-аналардың қатысуымен және медициналық қызметкердің бақылауымен баланы міндетті термометриядан өткізіп, таңертең тексереді.

«Инфекция қаупі тіпті денсаулығы мығым зіңгіттей жастардың өзін қалжыратып жіберуі мүмкін. Абай болу керек. Бір адамның селқостығы екінші кісіге қауіп төндірмеуі тиіс. Коронавирус санаулы күннің ішінде адамның ағзасын құртуы мүмкін. Сол себепті өзіңіз үйде емделіп аламын деп ойламаңыз», - дейді елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Сондай-ақ, 15 маусымда қатерлі дерттің өршуіне байланысты бірқатар өңірлерде карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі.

Бүгін кешкі сағат 20:00 бастап Көкшетау қаласындағы 7 блокпостың жұмысы қайта жанданып, азық-түлік, тұрмыстық химия, азық-түлік емес тауарларды сататын сауда орындарының, спорттық нысандар, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары мен діни мекемелердің жұмысы шектеледі. Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қала тұрғындарына осындай шұғыл мәлімдеме жасады.

 «14 маусымдағы жағдай бойынша облыста коронавирус инфекциясын жұқтыруға қатысты 199 жағдай тіркелді, оның төртеуі қайғылы аяқталды. Облыс орталығында жағдай күрделене түсті. Мониторинг тобының жұмысы тұрғындардың өзі мен туыстарының денсаулығына немқұрайлы қарайтындығын көрсетті. Жаппай отбасылық шаралар – туған күн, үйлену тойы, кісінің жылын беру, жерлеу рәсімдері тәрізді шаралардың өткізілетінін білдік. Санитралық эпидемиологиялық талаптарды орындамайтын кәсіпорындар да бар. Барлық жағдай бойынша әкімшілік шаралар қолданылуда», делінген хабарламада.

БҚО-да коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шаралары енгізілді, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес карантин 15 маусымнан бастап алынғанымен, енді тек шектеу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тек кезекші топтардың жұмысына рұқсат беріледі. Сондай-ақ қалалық демалыс паркі, ойын-сауық нысандары, кинотеатрлар, барлық түрдегі ойын алаңдары (аулалардағыны қоспағанда), түнгі клубтар, компьютерлік және ойын клубтары, кальяндық, букмекер кеңселері, балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлері, кейтерингтік қызметтер көрсету және мерекелерді ұйымдастыру қызметтері, діни нысандар қызметі тоқтата тұрады.

Еске салайық, кеше Жамбыл өңірінде де қатаң шектеулер енгізілген болатын.  Ал, Қарағанды облысында карантиндік шаралар 13 маусымнан бастап қайта күшейтілді. Соңғы аптада COVID-19 жұқтырғандар саны бірден 7% артқан Солтүстік Қазақстан облысында қткен сенбіден бастап бірқатар нысандардың жұмысына шектеу қойылып, сауда, қызмет көрсету орындарының және ауыларалық қоғамдық көліктің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. 

Карантиндік талаптарды жеңілдету тұрғындардың бейқамдығына алып келді. Адамдар бетперде кимей, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, қауіпсіздік ережелерін елемейді. Тыйым салынғанына қарамастан, көптеген адамдардың қатысуымен отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық жағдайларын эпидемиологиялық тексеру нәтижелері дәлел болып отыр, дейді санитар мамандар. Сондықтан, еліміздің азаматтарын ертең сан соғып қалмас үшін бүгіннен қалмай сақтық шараларына құлақ асуға шақырады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: astana.gov.kz