Алматылық волонтерлер Абайдың туған жеріне жаяулатып жетпек

Алматылық волонтерлер Абайдың туған жеріне жаяулатып жетпек

1200 шақырым. Дәл осындай аралықты Алматыдан Абай Құнанбайұлының отанына бет алған жолаушылар 30 күн ішінде жүріп өтпек. Ақынның 175 жылдығын мерекелеу қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы, Жидебай ауылына жаяу экспедицияны алматылық 4 жас ұйымдастырған. Бұған дейін ешқайсы мұндай сапарға шығып көрмеген. Жолға қажетті заттарын, киімдері мен азық-түліктерін буып-түйіп әзірлеп алған.

«Біздің мақсатымыз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбйұлының мерейтойы қарсаңында оның туған жеріне жаяу жету. Осылайша қазақ әдебиетінің негізін қалаушы атамызға құрмет көрсетуді жөн көрдік», - деді экспедиция мүшесі Дамир Күшеев.

Сапарға шыққан жігіттер қазақ классигінің шығармашылығымен жіті танысу үшін жол бойы Абай кітаптарының, сонымен бірге «Қара сөздердің» аудионұсқасын тыңдаймыз дейді. Айта кетейік, олар Жидебай ауылына 12 шілдеде жетуді жоспарлап отыр. Жолда олар ақын оқыған медресеге, Абай тұрған үйге, қазіргі музейге ат басын тірейміз деп отыр.   

«Абай - қазақ әдебиетінің айнасы. Ол қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы болғандықтан, оның шығармасына көптеген әдеби жанрлар енген. Оның поэзиясы бір қарағанда қарапайым, бірақ өте күрделі. Бірақ оның әрібір шығармасында терең ой жатыр», - дейді экскурсия жетекшісі Ольга Болдакова.

 

Фото: khabar.kz