Теңіз түбіндегі орман: 40 жылда Арал табанына 192 мың гектарға сексеуіл егілді

Теңіз түбіндегі орман: 40 жылда Арал табанына 192 мың гектарға сексеуіл егілді

Даланың шөлге айналу қаупінің алдын алу үшін кейінгі екі жылдың ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігіне 5 млн түп сексеуіл егілген. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады. Комитет қызметкерлері Корея Республикасының Орман қызметі және еліміздің биоәртүрлілікті сақтау қорымен бірлесе отырып, Арал теңізінің құрғап қалған түбіндегі 13,3 мың га аумаққа сексеуіл көшетін отырғызуды бірлесіп жүргізді. Бұл жұмыстарға кореялық тарап 1,7 миллион доллар инвестиция бөлді.

«Арал теңізінің құрғауынан бұрынғы су айдынының 6 миллион гектардан астамы босап қалған. Жыл сайын ауаға Арал теңізінің құрғаған түбінен 100 миллион тоннадан астам тұз, шаң мен құм ұшады. Климаттық жағдайдың өзгеруінің даусыз белгілері бар. Сонымен қатар, желдің әсерінен пайда болатын тұз бен шаңның қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тигізетіні де белгілі»,-дейді Сәкен Ділдахмет.

Қазақстанда сексеуіл алқаптары орман құрайтын ағаш түрлерінің барлық ауданының 65 пайызын құрайды.

«Арал теңізінің құрғаған түбінде орманды қалпына келтіру экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар кешеніне енгізілген. Қызылорда облысының орман шаруашылықтары жыл сайын 10 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызады. Оның 6 500 гектары Арал теңізінің құрғаған түбінде жатыр»,- деп жазады комитет өкілі.

Жобаны ғылыми қолдау аясында Арал теңізінің құрғаған түбінде Корея университетінің зерттеушілері жасанды екпелердің топырақ қасиетіне әсері туралы бірегей зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде бір сексеуіл бұтасының тамыры шамамен 4 тонна құмды ұстай алатыны белгілі болды.

Қазір Арал теңізінің түбіне сексеуіл көшет түрінде отырғызылуда. Өйткені оның тұқымын себу әдісі тиімді болмаған. Бүгінгі таңда көшеттер Қазалы орман питомнигінде өсіріліп, дайындалады. Жыл сайын онда 4 млн көшет сексеуіл өсіп шығарылады.

Тағы бір маңызды жағдай – бүкіл Орталық Азиядағы сексеуіл алқаптарының басым бөлігі Қазақстан аумағында орналасқан. Сондықтан біздің елімізді осы ағаштың «отаны» деп санауға болады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, қазақ орман қызметінің амал-әдісі дүниежүзі бойынша шөлейттенумен күрестегі ең сәтті тәжірибе саналады. 1980 жылдан бастап қазақстандық орманшылар Арал теңізінің құрғап қалған табанына сексеуіл ағаштарын отырғызу жұмыстары арқылы құм мен тұзды дауылдарды тоқтатуға болатынын дәлелдеді. Жалпы, аталған уақыт аралығында Аралдың құрғап қалған бөлігіндегі 190 мың гектардан аса аумаққа сексеуіл егілген.

 

Фото: caravan.kz