Болашаққа жолдама: Елордада ҰБТ қалай және қай жерде өтеді?

Болашаққа жолдама: Елордада ҰБТ қалай және қай жерде өтеді?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі биылғы түлектердің ұлттық бірыңғай тест тапсырудың жаңа талаптарымен таныстырды. Сынақ өткізетін орындар мен тәртібі бекітілген. Тестілеу былтырғыдай күнара емес, күнде өтетін болады. Елордалық оқушылар үшін ҰБТ күндері 20 маусымнан 5 шілде аралығы деп белгіленді. Олар Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық және Қазақстандық экономика, қаржы және халықаралық сауда университеттерінде сынақ тапсыратын болады.    

«Бүгінгі таңда тест тапсырушылардың мәліметтер базасы құрылды. Тұлғаны сәйкестендіргіш жүйесінің барлық үрдісі жасалды. ҰБТ өтетін пунктер барлық қажетті құралдармен толықтай жабдықталды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасының хабарламасында. 

Пандемияға байланысты ата-аналарға балаларын тестілеу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Сынақ барысын үйде отырып көру үшін арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырылады. Қатерлі індеттің  таралу қаупін азайту үшін қосымша сақтық шаралары қолданылады.

«Түлектер мен мұғалімдерге COVID-19 таралуы мен қатерлі індеттің алдын алуға байланысты түсіндіру шаралары жүргізіледі. Тест тапсыру кезінде талапкерлердің бір-бірінен 2 метрге алшақ отыруы қамтамасыз етіледі.  Тапсырушыларды дезинфекциялайтын тоннель арқылы өткізу, аяқ киімдерін арнайы залалсыздандыратын сүрткішпен тазалау, дене қызуын өлшеу, бір реттік пайдалануға арналған бетперде, перчатка, санитайзер беру сынды шаралар қарастырылған. ЖОО мен аудиторияларда ауа тазалайтын желтеткіш жүйелердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіледі. Жалпы, санитарлық талаптар барлық жерде қатаң сақталатын болады», - делінген ведомство хабарламасында

ҰБТ кезінде 100 полиция қызметкері мен 10 арнайы техника елордадағы қоғамдық тәртіпті күзететін болады. Бұған қоса, 9 медицина қызметкері мен үш жедел жәрдем көлігі жұмылдырылады. Қаланың шеткі аудандарында тұратын оқушыларды сынақ орнына жеткізу үшін басқарма 46 автобус дайындап қойды.

Осы жылы ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы бес пән – үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өтеді. Барлық тест тапсырмасының саны – 120, максималды балл – 140.

2020 жылы елордалық мектептерді 6 515 оқушы аяқтаған. Түлектердің 95% ҰБТ тапсыруға ниет танытқан.

Айта кетейік, биыл ҰБТ қатысушылар қатары былтырғыдан 11 пайызға көп.  Барлығы 130 мыңнан астам түлек сынақ тапсырады. Бұған дейін министрлік хабарлағандай ЖОО 53 мыңнан астам грант бөлінді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ainews.kz