Алтын Орда хандары мен төрелері жерленген «Қызыл оба» қорымы зерттелуде

Алтын Орда хандары мен төрелері жерленген «Қызыл оба» қорымы зерттелуде

«Қызыл оба» қорымында зерттеу жұмыстары қайта жанданды. Карантин аяқталған соң Алтын Орда кезеңінен сыр шертетін киелі аймаққа экспедиция аттанды. Тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, өткенді түгендеу қамында қолға алынған қазба жұмыстары 45 күн бойы жүргізілетін болады.

«Биыл біздің алдымызда тым болмағанда бір мазарды толықтай зерттеу мақсаты тұр. Бұған дейін анықталғандай, ол қабірлер ашылмай, жақсы сақталған. Сондықтан экспедиция аса олжалы болады деп күтеміз. Ол кезде бұл аймақта мұсылман діні тарағанымен, олар ескі ғұрыптық  салт бойынша жерленген. Ол кезде адамдар қару-жарақ, әшекей бұйымдары сынды өмірінде қолданған, бір сөзбен жиған терген бар байлығымен бірге жерленетін», дейді зерттеу тобының мүшесі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Анатолий Плешаков.

Әзірге көне қоныс орнында 7 мазардың бар екені анықталып отыр. Ғалымдар ол жерге Жошы хан кезіндегі және одан кейінгі хандар мен төрелер ұрпақтары жерленген деген пікірде. 1200 шаршы метрді алып жатқан қорымның билеушілерге тиесілі екені көптеген жәдігерлік айғақтармен дәлелденді. Аумағында алтын бұйымдар мен кірпіш күйдіретін пеш табылған.

«Ауқымды қорымда күйдірілген кірпіштің үлкен көлемі шықты. Олардың сапасы өте жоғары. Айта кететін жайт, күйдірілген кірпіш Алтын орда кезінде құрылысқа қолданылған. Оған дейін және кейін бұл материалдың басқа түрлері пайдаланылғаны белгілі. Енді бізге кірпішті күйдіру технологиясын, табылса, пештің құрылысын зерттеу керек», - дейді  ғалым.

Анатолий Плешаков осы аумақтан су жеткізетін шығырдың сілемдері де табылғанын айтады. Ғалымдар мұнда ежелгі өркениеттің іздері, қолдан суаратын ирригациялық құрылымдар, тоғандар мен арықтар болғандығын болжап отыр. Осының бәрі Алтын орда хандарының бір бөлігі осы жерде орын тепкенін және бұл аймақ оның бір мәдени-саяси орталығы болғандығын көрсетеді.

«Бұл Қазақстан аумағын ерте заманнан көшпенділермен бірге отырықшы жер шаруашылығы, қала мәдениеті жақсы дамыған халықтар мекен еткенін айғақтайды. Бұған Бозоқ сынды өзге де көне қалашықтар дәлел. Батыс ғалымдары айтпақшы, оңтүстіктен солтүстікке көшіп жүрген деген пікір шындыққа жанаспайды. Екі мыңға тарта шақырымды атпен жүріп өту қисынға келмейді. Бұл - қате түсінік. Олар көшкен. Тек мал шаруашылығына қатысты өз аумағында ғана», - дейді ғалым. 

Еске сала кетсек, былтыр күзде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan centre» орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы сенсациялық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Сілеті өзенінің маңында XIV-XVI ғасырларға жататын қорым табылған. Оның жұмбағын шешу үшін әлі бірталай қазба жұмыстары жүргізіліп, жәдігерлер жан-жақты зерттелетін болады, дейді Анатолий Плешаков.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz