Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаның баламасы пайда болады

Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаның баламасы пайда болады

Жаз мезгілінің соңына дейін елімізде электронды цифрлық қолтаңбаның жаңа «бұлтты» үлгісі іске қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев есептік кездесуінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, қанатқақты жобаның қолданыстағы түрінен ең басты айырмашылығы оны пайдалану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнатудың қажеті болмайды. Жетілдірілген баламалы нұсқасы компьютерде немесе басқа да тасығышта сақталмайды. Қызметті алу кезінде жүйе азаматтың серверде сақталған цифрлық қолтаңбасын автоматты түрде табады.  Енді оны иесінен басқа адам қолдана алмайды.

«Осыдан бірнеше ай бұрын біз ЭЦҚ қашықтан алу процесін іске қостық. Ал, қазір NCALayer орнатуды қажет етпейтін баламалы электрондық цифрлық қолтаңбаны әзірлеумен айналысудамыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

Еске салайық, бүгінде елімізде 10 миллионнан астам ЭЦҚ пайдаланылады. Азаматтарда оған қатысты көптеген сұрақтар туындап жүргені жасырын емес. Біріншіден кейбіреулеріне электронды қолды алу қиындық тудырса, енді біреулеріне оны пайдалану үшін қосымша бағдарлама орнату қажеттігі ұнамады. Министр халыққа есеп беру барысында биыл анықтамалардың 25 түрі құжат айналымынан шығарылатынын да жеткізді.

«Биыл мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды 90 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Бұл шараларды барлық мемлекеттік органдармен пысықтаудамыз, жалпы, тиісті жұмыстар жоспар бойынша атқарылуда. Біз мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен қатар, олардың кейбірін, яғни мекенжай анықтамасын алып тастап жатырмыз. Өйткені бұл анықтаманы бір мемлекеттік органнан басқасына сұратады», - деді министр.

Оның есебіне қарағанда «Халыққа жақын болу» ұстанымы тұрғысында электронды үкіметтің мобильдік тұғырнамасы бар. Осы арқылы халыққа қызмет ұсыну мүмкіндігі ескерілген. Бүгінде 60 қызмет осы тұғырнамада шоғырланды. Сонымен қатар телеграм-боттарды белсенді ілгерілету жоспарланған.

 

Фото: inform.kz