Сақ болыңыз! Балалардың терезден құлау оқиғасы жиілеп кетті

Сақ болыңыз! Балалардың терезден құлау оқиғасы жиілеп кетті

Қалада балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі - терезеден құлау оқиғасы. Көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі  балалар бұндай қауіп-қатерге жиі ұшырайды. Мамандар терезелерге қорғаныс жүйелерін орнатуды қанша ескерткенімен жағдай оңалатын емес. Өткен 5 айда ғана Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйлердің терезесінен 11 бала құлап, оның 2 қаза тапты. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есеге көп.

«Ешқашан терезедегі москиттік торларға сенбеңіздер. Олар құлаудан сақтауға арналмаған, құлап бара жатқан балаларыңызды қорғай алмайды. Керісінше, москиттік тор қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады, балалар москиттік торларды қауіпсіз деп ойлайды және терезеге сүйенгендей сол торларға сүйенеді. Ең сапалы тордың өзі баланың салмағы мен қысымды көтере алмайды. Көп жағдайда балалар осы тормен бірге құлап кетеді», - дейді елордалық ТЖД офицері Куаныш Абдрахманов.

Көп жағдайда балалардың құлауы олардың ата-анасының қарауынсыз қалуы себебінен орын алады. Қасіреттің алдын алу үшін, құтқарушылар кішкентай балаларды жалғыз тастамауға кеңес береді. Сонымен бірге барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қоюды ұсынады. Егер балаңыз бөлмеде болса, терезені және балкон есігін  ілгекпен жауып қойған абзал дейді.

«Жоғарғы желдеткіштерді немесе тік желдету режимін пайдаланған жөн болады. Бала терезені өз еркімен аша алмау үшін терезеге арнайы бекіткіштер орнату қажет. Егер сіз балаңызға терезеден бір нәрсе көрсететін болсаңыз, оны мықтап ұстаңыз, баланың шұғыл қимылдарына дайын болыңыз, алақанды құрғақ ұстаңыз, баланы киімнен ұстамаңыз», - дейді құтқарушы. 

Бұндай келеңсіз жайттарды болдырмай алдын алу үшін, төтенше жағдайлар комитеті мемлекеттік стандартқа өзгеріс енгізуді ұсынған. Құтқарушылардың пікірінше, жаңадан салынған үйлердің терезелері балалардың сақтығы үшін  арнайы қорғаныс құралымен жабдықталуы тиіс. Әзірге бұл ұсыныс қаралып жатыр. «Сақтансаң сақтайды» демекші тұрғындар бұл маңызды шараны өз күштерімен жасауы керек. Ондай қорғаныстың бір емес бірнеше түрі бар. Бұндай сақтықтың құны шамамен 10 мың теңге.

«Біздің торлар балаларды 100% қорғай алады. 60-80 келілік салмаққа шыдас береді. Карантиннен кейін біздің өнімге тапсырыстар көбейіп,  сұраныс артты. Өйткені төтенше жағдай уақытында балалар үйде қалып, терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетті. Алюминий және мөлдір поликарбонаттан жасалған үлгілерін ұсынамыз. Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай темір торларды жоғарғы қабаттарға орнату рұқсат етілмейді», - дейді торлар орнату компаниясының басшысы Нұрлан Тасығожин.

Ал тұрғындардың өздері болса, қарапайым сақтық шараларын елемей, сан соқтыратын жайттарға кінәлі ата-аналаны жауапкершілікке тарту керек деген пікірде. Егіз қызды дүниеге әкелген Мадина Мұханова «Мен үшін ең бастысы  сәбилердің сақтығы», дейді.  Жас ана  елордадан Алматыға көшіп барған сәтте бірден терезелерге арнайы бекіткіштер орнататынын айтады.

 

«Мен терезе дегенде қатты алаңдаймын. Сондықтан қыздарым аяқ басқанша барлық терезелерге қорғаныс құралдарын орнаттық. Жақында Алматыға көшіп келіп, пәтер іздеп жүрміз. Бірінші қабаттан жоғары болса міндетті түрде тор орнатамыз. Әрбір Ата-ана кішкентайының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Оқыстан жарақат алып қалмауы үшін бар жағдайды жасау керек», - Мадина Мұханова. 

«Мен үйді балаға барынша қауіпсіз етуге тырыстым. Терезенің жанына балам шығып кетпес үшін ештеңе қоймаймын. Ең бастысы баламды жалғыз қалдырмауға тырысамын. Өйткені қазір оның дүнетанымдық қызығушылығы оянған кез. Ол әлі терезе алдында ойнаудың қаншалықты қауіпті екенін түсінетін жаста емес. Осындай қорғаныс шараларын ескермеудің арты өкінішті болуы мүмкін екенін жақсы түсінемін. Қазір бұндай қорғаныс құралдары жетіп артылады», дейді 2 жасар Алиардың анасы Диана Құлмағамбетова.

Жыл баасынан бері Қазақстан бойынша балалардың терезеден құлауына қатысты 17 жағдай тіркелген. Абырой болғанда көбі аман қалды. Өкінішке орай қайғылы аяқталған оқиғалар да жоқ емес.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: mk-kz.kz