Қазақстандық ғалымдар Алтын Орда заманындағы қалаларды жіті зерттемек

Қазақстандық ғалымдар Алтын Орда заманындағы қалаларды жіті зерттемек

Бүгінде Қызылорда облысында 6 ескерткішке қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғалымдар ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Алтын Орда дәуіріндегі Сығанақ, Асанас, Қышқала шаһарларының сырын ашып, кеңінен зерттемек. Ұлық ұлыстың 750 жылдығын атап өтілетін тұста бұл айрықша өзекті. Ал жергілікті билік тарихи орындарға инфрақұрылымды жетілдіруге үлкен мән беріп отыр. Мәселен, Сығанақ, Жанкент сияқты жәдігер-шаһарлардың аумағы қоршалып, бару жолы қалыпқа келтірілді. Тарихи нысандарды ашық аспан астындағы музейге және туристтік орталыққа айналдыру – маңызды міндет, дейді жергілікті мамандар.

«Халық қазынасы болып саналатын руханият пен мәдениет әрбір өңірдің қарқынды дамуына ерекше орын алатыны анық. Бай тарихи-мәдени ескерткіштер мен құндылықтар шоғырланған Сыр өңірі ұлы Жібек жолы бойындағы танымдық, тәрбиелік маңызы бар жаңа туристік бағытқа айналуы тиіс. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарымызды және ата-бабадан қалған мұраларды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз», - дейді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Қызылорда облысында осыдан 6 жыл бұрын да ауқымды археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. Нәтижесінде облыстық өлкетану музей қоры 6 мың 486 құнды экспонатпен толықты. Жалпы, аймақта 545 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Оның 134-і археологиялық мұра санатына жатқызылған.

 

Фото: azan.kz