NQZ – елорда әуежайының жаңа коды

NQZ – елорда әуежайының жаңа коды

Бүгіннен бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жаңа коды іске қосылды. Барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода жаңа NQZ коды енгізілді.

«N әрпі Нұр-Сұлтан қаласы және Н. Назарбаев әуежайын білдіреді. Ал QZ - егеменді Қазақстанның жаңа әліпбидегі Qazaqstan атауын білдіреді. Яғни, жаңа кодтың үш мағынасы бар - жаңа әуежай, жаңа елорда және жалпы қазақ елінің халықаралық сахнадағы жаңа әліпбиі. Әуежай кодын ауыстыру - 50 жылдағы үлкен жетістік, Авиация комитетінің халықаралық сахнадағы жетістігі. Барша қазақ елін, бүкіл жолаушыларды құттықтаймын. Лайым осы атау мәңгілікке берілсін. Осы код арқылы еліміздің аты халықаралық деңгейде жаңа серпіліс алып, бренд ретінде нығайсын», - дейді жоба әзірлеушілері.

Нұр-Сұлтан әуежайының үш әріптік кодын өзгерту жұмыстары 2014 жылдан бері жүргізілген. IATA қағидаларына қарамастан, қазақстандық тарап өз мақсатына қол жеткізді.

«IATA ұйымының негізгі талабы - әуежайларға бір рет тұрақты код беру. Қазақстандық әуе тасымалдаушылармен ауқымды келіссөздер жүргізілді. Нұр-Сұлтанға жолаушылар тасымалдайтын барлық әуе компаниялары бұл ұсынысты қолдады»,- деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әуежайдағы ресми таныстырылымда.

Бұл өзгерістер 2019 жылдың қазан айында Варшава қаласында IATA-ның барлық мүшелерінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары кездесуінде қолдау тапты.

«Ұзақ жылдар бойы кодын өзгерте алмай жүрген қалалар бар. Сондықтан, тұтас IATA қарарын өзгерту бастамасын ұсындық. Арнайы алгоритм бойынша өтінімді алдымен IATA қарайды. Одан кейін ұйым құрамына кіретін әуе тасымалдаушылар қарастырады. Барлығы мақұлдап, келісім берді. Шешім бірнеше ай бұрын бекітіліп, хабарлама жіберілді. Ал бүгін ресми енгізілді», - деді Т. Ластаев.

Сонымен қатар Қазақстан Ақтау әуежайының –  SCO (Шевченко), Атырау - GUW (Гурьев) және Тараз - DMB (Джамбул) кодтарын өзгертуді жоспарлап отыр. ҚР Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаевтың айтуынша, олар ескірген және қалалардың қазіргі атауларына сәйкес келмейді.

 

Фото: m.ru.sputniknews.kz