Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған түрік тіліндегі жинақ жарық көрді

Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған түрік тіліндегі жинақ жарық көрді

«Түркі дүниесінің данасы – Абай Құнанбайұлы». Дәл осындай атаумен Анкарада ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған түрік тіліндегі жинақ жарық көрді. Хәкімнің 175 жылдығына орайластырылған кітапта түбі бір түркі жұртының 93 ғалымы мен көрнекті өкілдерінің мақалалары қамтылған. Түркі Академиясы мен Еуразия жазушылар одағының қолдауымен жарық көрген жинақты Нергиз Бирай, Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун және Сөнер Сағлам құрастырған. Ғалымдардың айтуынша, бұл түркі жұрты үшін құнды еңбек болмақ әрі түркология мамандығы бойынша оқитын студенттерге қажетті басты оқулықтардың біріне айналмақ.

 «Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арнап, біз түркиялық ғалымдар ретінде үш жылдан бері еңбек дайындадық. Сәті түсіп, басылып шықты. Түркияның Денизли қаласынан профессор Нергиз Бирай, мен және доктор Сөнер Сағлам үшеуміз 100-ге жақын ғалымның еңбегін осы кітапта топтастырдық. Бұл кітаптың өзгешелігі не? Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедхановтар бастаған абайтанушылардың еңбектері, сондай-ақ аға, орта және кіші буын ғалымдардың еңбектері түрік тілінде басылып отыр. Сонымен қатар, Түркиядан 30-ға жуық ғалым Абай туралы өз зерттеулерін осы жерде жазды»,- дейді профессор, доктор Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун.