Қазақстандық экобелсенділер: қоршаған ортаны қорғауды әркім өзінен бастауы керек

Қазақстандық экобелсенділер: қоршаған ортаны қорғауды әркім өзінен бастауы керек

Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Атаулы күн 1972 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 27-ші сессиясында бекітілді. Содан бері адамзаттың қоршаған ортаға ықпалы жіті назарға алынған. Елімізде экология жанашырларының қатары күн санап көбеюде. Олар тұрғындарды қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге үндейді. Аягүл Рамазан - нағыз табиғат жанашыры. Қоршаған ортаны қорғау тек қана үкіметтің немесе жетелеген компания құзырында ғана болмауы керек. Әрбір адам өзінің тұрып жатқан жеріне, кіндік қаны тамған топырағына қамқорлықпен қарау керек деп есептейді. Ал бұл қоқысты айналаңа тастамау сынды қарапайым дүниелерден басталады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

«Біз менсінбей тастай салатын бір пакеттің өзі жердің бетінде 500 жыл жатады. Ол табиғаттың сұмдық жауы, үлкен экологиялық қауіп төндіреді. Бір ғана отбасының өзі күніне 5-10 пакеттен қоқысқа лақтырады Пластик құрамындағы полистирол да өте зиянды материал. Ыстық бу тигенде ол улы заттар бөледі. Тіпті табиғатты ойламаған күннің өзінде адам денсаулығына тікелей кесірін тигізеді», -  дейді Аягүл Рамазан.  

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бір адам күніне 1,5 келіге дейін қоқыс шығарады. Сырттағы түрлі қоқыс жәшіктері сықасып тұрады, сұрыптауға  салғырттық сіңіп кеткен әдет. Тіпті  істен шыққан тұрмыстық жиһаздарға дейін бір жерде үйіліп жатады. Аягүл Рамазан ең алдымен қоқыстарды сұрыптауды үйренсек деген ойда. Журналист бұл тақырыпта әлеуметтік желілерде түрлі посттар жазып, қоғамды қарапайым жанашырлық пен ұқыптылыққа шақырып жүр. Оқырмандарымен кері байланыс орнатып, керек кеңесін беруден жалыққан емес.

«Дамыған шет елдерде қоқысты сұрыптап арнайы ұйымдарға өткізу мектеп кезінен басталады. Сондықтан әр отбасында бұл мәдениет қалыптасса деп армандаймын. Біздің отбасында пластик құтыларды қоқысқа тастай салу деген жоқ.  Екі балам да үйренген, босағаннан кейін жуып, маркировкасы бойынша жинап, арнайы орындарға өткіземіз. Бізде ондай орындар көп емес. Бірақ бар. Соның өзін екінің бірі біле бермейді.  Менің жазған посттарымнан кейін нақтылап сұрап жататындар көп. Бәріне жөн сілтеп, қоқысты қалай азайтуға болатыны туралы кеңестеріммен қуана бөлісем», - дейді табиғат жанашыры.

Ортақ мәселенің түйінін тарқатуға мектеп оқушылары да үлес қосып жатыр. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әмина Қабдырахым пластиктің баламасын ойлап тапқан. Жас ғалым жоба аясында хлорелланы өсіріп, одан биополимер алу жолдарын зерттеген. Оның қасиеттерін анықтау үшін әр түрлі реактивтер мен тәжірибелік әдістер пайдаланған. Нәтижесінде ыдырайтын полимерлерді алудың баламалы шешу жолдары табылды.

«Пластик өндірісі атмосфераға көмірқышқыл газын шығарып, кері əсер етеді. Көптеген экологиялық проблемаларды биопластикпен алмастыру арқылы шешуге болады. Жаңадан крахмалдан, липидтен жəне нəруыздан жасалған биопластиктер тез ыдырайтындығымен белгілі. Хлорелладан жасалған биопластик өзінің арзан бағасымен, экологиялық жағынан тиімділігімен де ерекшелінеді», - дейді жоба авторы Әмина Қабдырахым.

 Жастарды экологиялық сауаттылыққа баулу елімізде қолға алынған  ауқымды жобалардың бірі болып отыр.

«БҰҰ-ның даму бағдарламасы халықаралық жасыл технология орталығы, білім және ғылым, сондай-ақ экология министрілігімен бірлесе үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде, еліміздегі 17 білім беру мекемесінде арнайы бағдарлама енгізіліп жатыр. Мақсат – адамзаттың экологияға теріс ықпалын түсіндіру, әрі экологиялық мәдениетті қалыптастыру», - дейді, халықаралық жасыл технологиялар орталығы  басқармасы төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров.

Қазақстан үшін табиғатты қорғаудың өзектілігі өте маңызды орында. Бұл туралы бүгінгі Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жазбасында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы тоқталды.

 «Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс», - деп жазды Президент Twitter парақшасында.

Жер қоры сарқылуға шақ қалғанда, табиғаттың өздігінен қалпына келуге шамасы жетпейді. Сол себепті экологтар, «қазіргі қоғам табиғи ресурстарды келер ұрпақтан қарызға алуда» деп дабыл қағады. Осы орайда, «экологиялық борыш», «экологиялық күнә» деген ұғымдардың қалыптасуы тегін емес. Оны тұрғындар түсінсе, қоршаған ортаға деген оң көзқарас қалыптасар еді деген үміт бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: smol.kp.ru