Пандемия кезіндегі кинотеатрлар

Пандемия кезіндегі кинотеатрлар

Қазақстанда 15 маусымнан бастап кинотеатрлар ашылады. Ал олар пандемия жағдайында қалай жұмыс істейді? Қандай санитарлық нормаларды сақтау керек? Билеттер қымбаттайды  ма? Кәсіпкерлер үшін бұл бизнес қаншалықты тиімді?

Бүгінгі  таңда әлемнің әртүрлі елдерінде кинотеатрлар есігін айқара аша бастады. Індетке байланысты экономика біраз тұралап қалып, кәсіпкерлер шығынға ұшырады. Дегенмен жаңа жағдайда іске кіріскен кинотеатрлар үшін кіріс көзі  қаншалықты молайып, бизнес тиімді болмақ? Әлемдік деңгейде алып қарасақ, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытайда 5 мыңға жуық кинотеатр мүлдем жабылуға  мәжбүр болған.

Елімізде ведомствоаралық комиссия отырысында кинотеатрларға тиісті санитарлық нормаларды сақтай отырып,  жұмысына қайта кірісуге рұқсат берілді. Бірақ бұл кәсіпкерлерге тиімді ме?

«Әрине, бұл талаптар  түсетін қаражатқа тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, сеанс санының азаюы мен бос орындар да пайда көзін азайтады.  Әрбір сеанстан кейін санитарлық  талаптарға сай тазалау да бар. Осыған орай кинотеатрларды ашудың пайдасы мен шығынын есептейміз. Сонымен қатар дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Әрине әр залда санитайзерлер орнатып, санитарлық жағдайды қалпына келтіруге тырысамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтықты бұзбау ережелері сақталады. Біз қазірдің өзінде осы тақырыпта бейнероликтер дайындау үстіндеміз», - деді елордалық кинотеатрлр желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.

Сондай-ақ, оның айтуынша, елімізде 15 маусымда киносүйер қауымның үлкен ағыны күтілуде. Алайда кәсіпкерлер билет бағасын көтермеуге уәде беріп отыр.

Кинорум: Қазақстанда пандемияға байланысты жаңа тренд танымал бола бастады

Алайда осы уақытқа дейін кинорумдар жұмысын тоқтатқан емес. Кино сүйер шағын топты біріктіретін кинорумдардың танымалдылығы күннен-күнге артып келеді.

«Біз күн сайын пандемия басталғанға дейінгі режиммен жұмыс істейміз. Келушілер саны үнемі артып келеді. Тұрақты қонақтарымыз да бар. Сонымен қатар жаңа көрермендерден қоңыраулар келіп түсуде», - деді елордалық VIP кинотеатрларының бірінің әкімшісі.

Кинорумдарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Сақтық шаралары келген көрермендерге де тікелей қатысты.

 «Әр келішулерден кейін міндетті түрде ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіліп, залалсыздандыру шаралары жасалады. Желдеткіш әрдайым қосулы тұрады. Қызметкерлер тек бетперде киіп жұмыс жасайды. Кіреберіс пен залдарда антисептиктер орнатылған. Есіктердің тұтқалары диахлор сұйықтығымен тазаланады», - дейді ол.

Сарапшылардың есебінше,  карантин уақытында қазақстандық кинотеатрлар 4 миллион теңге кірістен қағылған. 

Авторы: Әсел Күшенғалиева

Фото: tambov.gov.ru