Алакөлдің шығыс жағалауындағы туристік маусым тығырыққа тірелді

Алакөлдің шығыс жағалауындағы туристік маусым тығырыққа тірелді

Алакөлдің шығыс жағалауында туристердің ағыны азаюы мүмкін. Бүгінде бірқатар демалушы алған жолдаманы қайта тапсырып жатыр.

Сала мамандары жергілікті бас санитар дәрігер бекіткен екі қосымша талап туристік индустрияны тығырыққа тірегенін алға тартып отыр. Атап айтсақ, демалушылардың саны бір уақытта жалпы жобалық сыйымдылықтың 50% аспауы тиіс. Сондай-ақ, демалыс орындарына жайғасу COVID-19 туралы мерзімі өтпеген анықтама болған жағдайда ғана мүмкін болады. Ал өзге өңірлердегі туристік нысандарда бұндай қатаң ережелер талап етілмейді. Бар гәп осында жатыр. Осы қаулының салдарынан  шығыс жағалаудың туроператорлары бәсекеге қабілетсіз болып қалғандарын айтады.

Қазақстандық туристік қауымдастық  орын алған жағдайға назар аударып, ШҚО бас санитар дәрігеріне шектеу шараларын жеңілдетіп, бір бөлігінің күшін жою туралы өтініш хатын жолдады. Олардың пікірінше, Қазақстанның туристік нарығы дәл қазір өз тарихында ең қатты дағдарысты басынан өткеріп отыр. Кез келген жасанды шектеулер құру ұзақмерзімді экономикалық кедергілерге әкеп соқтырады дейді мамандар.

«Біз бәсекелестік ортаға араласу әрекетін көріп тұрмыз. Шығыс Қазақстан туристерге қызмет көрсету мүмкіндігінен айрылып отыр. Облыс басшысы кәсіпкерлердің үнін естігенін және Шығыс Қазақстанның Алакөл жағалауындағы бұл маусым тоқтап қалмауы үшін дұрыс шешім қабылдауын қалаймын. Коронавирус пандемиясы жағдайында қосымша қауіп тудырмай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды амалдар іздеу аса маңызды», - дейді ҚТҚ директоры Рашида Шәйкенова

Алакөлдің шығыс жағалауындағы ШОБ өкілдері  өңір жетекшісінің атына хат жолдады. 150 астам кәсіпкер қол қойған хатта келер маусымда орын алатын туристік индустрияның тікелей шығындарын тізілген.   Бұл демалыс орындарына инфроқұрылым тартып, әлеуметтік қызметтерді жетілдіруге 6 миллиард теңге бағыттаған аймақтың экономикасына да кері әсерін тигізері анық. 

 «Ерте брондау жүйесі арқылы туристік маусымның басында демалыс орнының шамамен 80% тапсырыс берілген. Енді біз алдын ала белгіленген 50% сыйымдылыққа кімнің кіретінін, кімнің кірмейтінін қалай шешеміз? Ерте брондаудан түскен қаражаттың барлығы да маусымның ашылуына орай, нысандарды дайындау жұмыстарына және қызметкерлер мен демалушылардың санитарлық талаптарды сақтауына жұмсалды: штат үлкейтілді, азық-түліктер сатып алынды, логистикалық қызметтердің ақысы төленді. Жаңа шектеу шаралары жарияланғаннан кейін тур сатып алған демалушылардың шамамен 90%-ы мұндай талаптармен демалғысы кеомейтінін айтып, бас тартып отыр», - дейді демалыс орнының иесі Артем Вершинин.

Коронавирусқа байланысты шектеу қою салдарынан көптеген азаматтар тұрақты табысынан қағылды. COVID-19 бен ПЦР-талдауларының жоқтығы туралы анықтама құнының қымбат болуы да  демалушылардың қалтасына ауыр тиюде. Бір адам ондай анықтама алу үшін 15 мың теңгеден астам қаржы  жұмсауға мәжбүр. 

«Көбі дәл осы анықтаманы алғысы келмегеннен кейін турдан бас тартып отыр. Алакөлдегі туристік маусым анағұрлым қысқа болғандықтан, демалушылар жолдаманы алдын ала брондағысы келеді. Маусымның нағыз қызатын кезеңі шілде айында көптеген демалыс орындары 100%-ға сатылды. Бұл ақшаның жартысын қайтаруға тура келеді. Өз тарапымыздан біз міндеттемелерімізді орындаймыз, яғни тур үшін алынған ақшаны бірден демалыс орындарына аударамыз», - дейді туроператор Мария Русина.

Алакөлдің екі жағалауы бар. Оң жағалауында анықтама талап етілмейді және демалушылар санына шек қойылмайды. Сондықтан  туристік лек Алматы облысына кетеді. Себебі туристерге солай жеңіл. Осыдан шығыс Алакөлдің сауықтыру әлеуеті біршама төмендеп, саяхатшылар ағыны күрт азайған. Бұл орайда бизнес иелері бүгін кешке өңірдің туризм басқармасы мамандарымен жүздесіп, мәселені шешу жолдарын талқылайтын болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kaztag.kz