ҚР БҒМ: биыл жоғары оқу орындарына 53 мыңнан аса грант бөлінеді

ҚР БҒМ: биыл жоғары оқу орындарына 53 мыңнан аса грант бөлінеді

Биыл жоғары оқу орнына түсетіндер үшін 53 мыңнан аса грант қолжетімді. Бұл туралы халықпен онлайн есептік кездесу барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Ведомство басшысы саланың жетістіктеріне тоқталып, әлі пысықтауды қажет ететін мәселелерге тоқталып өтті.  

Мектеп орындарының тапшылығын жою үшін республикада 800-ге жуық білім ордасын салу қажет

Білім сапасын көтеру және қолайлы жағдай жасау дәл осы мәселені шешуден басталады, - деген сенімде А. Аймағамбетов.

«Болжамды есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай мектеп орындары бойынша тапшылық 500 мың орынды құрайды. Сол себепті білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларда кем дегенде 800 мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Биыл қосымша 80 білім беру нысаны салынады», – деді министр.

Сонымен бірге, Асхат Аймағамбетов ведомствоның алдында мектептердегі оқыту процесін бір ауысымға көшіру міндеті тұрғанын атап көрсетті. Осы ретте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Қазір министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы саладағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде. Мысалы, жаңа түзетуге сәйкес, педагогтар, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік те қатайтылған.

 «Бейнебақылау жүйесінің болуы – маңызды факторлардың бірі. Бүгінде мектепке дейінгі білім мекемелерінің 90 пайызға жуығы бейнебақылаумен қамтылған, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз», - деді министр.

Колледж және ЖОО оқытушыларының жалақысы артады

Министр биыл білім саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенін еске салды және бұл шаралар әлі де жалғасын табатынын айтты. Бұған қоса, оқытушыларға жас әріптестеріне тәлімгерлік еткені үшін қосымша 17 мың теңге төленетін болады. Грант құнының көтерілуі де оқытушылар кірісінің артуына әсер етуі мүмкін.

«Грант құнының көтерілуі педагогтардың да еңбекақысын арттыруға ықпал етуі тиіс. Кей оқу орындарында оқытушылардың еңбекақысы 70-80 мың теңге екені айтылады, бұл - қабылдауға келмейтін цифрлар. Соңғы жылы кей жерде 70%, кей жерде - 50%, 20% еңбекақы көтерілді. Бірақ, мемлекеттік тапсырыс құны көтерілген соң, әлі де ЖОО профессорлыққытушылық құрамының жалақысын арттыру мүмкіндігі бар», - деді А. Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі жаңартылған білім бағдарламасымен оқушылардың 100 пайызын қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Мектеп оқушыларының 96 проценті жаңартылған бағдарламамен білім алуға көшті. 1 қыркүйектен бастап 11 сынып оқушылары да жаңартылған бағдарламаға көшеді. Осылайша, осы бағыттағы жұмыстарды аяқтаймыз», – деп қорытындылады министр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liter.kz