Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың мұқалмас рухын, даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер

Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың мұқалмас рухын, даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер

«Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер». Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында осындай тақырыпта мемлекеттік рәміздер күнінне арналған онлайн форматта дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш іс-шараға қатысқан қоғам, өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары еліміздің егемендігі мен бірегейлігін айшықтайтын ұлттық нышандардың маңызын айтты.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов мемлекеттік рәміздердің құрылу тарихына үңілді. Оның сөзінше, рәміздер жобаларын жасауға 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

 «Сол тұста жас егеменді мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын нақтылы түрде көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Халық сайлаған қалаулылар өз ойларын бүкпесіз білдіріп, өз пікірлері мен көзқарастарын батыл қорғай отырып, ортақ келісімге негізделген шешімдердің қабылдануына айтарлықтай үлес қосты. Елбасы тұңғыш тәуелсіздік рәміздерінің төл тарихи тамыры тереңнен бой тартуын, ұлттық болмысы анық та айшықты болуын қадағалады. Мемлекеттік рәміздер –халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері болып табылады», - деді саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

Қазақстан жастары Конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау жастар патриотизмі мен тәуелсіз елдің құндылықтары мен жетістіктерін насихаттау екенін атап өтті. Бұл орайда «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының,  «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев та білдірді.

«Мемлекеттік рәміздер қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Кез келген этнос өкілі үшін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мақтаныш пен құрметтің көрінісі бола бермек», - деп атап өтті Тимур Жұмырбаев.

Жиынға Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқып жүрген ауғанстандық студенттер бейнебайланыс арқылы қатысып, ұлтық рәміздерімізге деген өз құрметтерін білдірді.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24.kz