«Құтқарушының өмірінен бір күн»: ТЖД офицері YouTube жобасын іске қосты

«Құтқарушының өмірінен бір күн»: ТЖД офицері YouTube жобасын іске қосты

Елордалық төтенше жағдайлар департаментінің жас құтқарушылары адамның өмірінде туындауы мүмкін кез-келген оқыс жағдайға қалай дайын болу керектігін көрсетті. Бұл туралы Бауыржан Ахметалин өзінің YouTube жобасы арқылы баяндауды жөн көріпті. Оның мәні келесіде: қазақстандық танымал тұлғаларға арнайы киім кидіріп, оларға бір күн болса да құтқарушы кейпіне енуге мүмкіндік беру. Түсіру жұмыстарын жүргізуге, монтаждауға достары көмекке келді. Олар бастамаға қуана қолдау білдірген.

«Карантин кезінде көрермендерге бір уақытта пайдалы әрі қызықты контент жасау туралы ой келді. Өзім құтқарушы болғандықтан, «Құтқарушының өмірінен бір күн!» атты айдар жасауды шештім. Осылайша, әуестігім және мамандығымды ұштастырдым десек те болады. Ең бастысы, жоба халық үшін өте пайдалы, өйткені онда құтқару дағдылары, алғашқы көмек көрсету әдістері, экстремалды жағдайда аман қалу жолдары көрсетіледі. Көптеген адамдар апатпен бетпе-бет келгенше, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысын түсінбейді. Ауысымдағы кезекшілікті ұйқыда өткізетіні туралы стереотипті бұзу керек!», - дейді жобаның авторы елордалық ТЖД офицері Бауыржан Ахметалин.

Алғашқы шығарылымға қазақстандық жүзушілер Эльмира Айғалиева және Ксения Романчук қатысты. Олар суда жүзіп, биікке өрмелеп, ауыр құрал-жабдықтарды тасыды. Енді құтқарушы болу «темір адам» болумен бірдей екенін өздері сезініп көрді. Құтқарушының қолынан келмейтін іс жоқ және олар әрқашан көмекке дайын. Қарапайым адамдар біреуді құтқарса, медальға лайық деп табылады. Ал ТЖ қызметкерлері үшін бұл күнделікті жасайтын жұмыс қана.

«Мен үшін биікке өрмелеу қиынға соқты. Жоқ, қолымнан келеді ғой, бірақ аяқ-киімім ыңғайсыз болды, тырнағым да кедергі жасады. Құтқарушылардың жұмысы шынымен де қиын. Мен мұны үнемі түсінетінмін. Жұмыстың бәрі маңызды, спорттың да өз қиындықтары бар. Бірақ үйде отырып, құтқарушылардың кейде өз өмірлерін тәуекелге тігіп, басқаның өмірін құтқаруға баратынын елемей жатамыз!», - деп мәлім етті жүзуден Азия чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері Эльмира Айгалиева.

Жобаның алғашқы шығарылымы YouTube сайтында қолжетімді. Бауыржанның айтуынша, алдағы уақытта бағдарламаға танымал спортшылардан өзге блогерлер мен актерлерді шақыру жоспарда бар. Өйткені құтқарушы болып көру – бәрінің арманы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов