Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 15 маусымнан бастап туристерді қабылдайды

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 15 маусымнан бастап туристерді қабылдайды

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 15 маусымнан бастап туристерді қабылдай бастайды. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген орта ғасыр сәулетінің жауһарын көру үшін жыл сайын 1 млн-ға тарта саяхатшы келеді. Бұл бағыт қазақстандықтар арасында да ерекше танымал.

Өңірде өңіраралық блок-бекеттер алынып, туристерді қабылдауға жағдай жасалған. Жергілікті қызмет көрсету нысандары ең бастысы санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жұмыс істеуге тиіс.

«Санаторийлерге, курорттық демалыс орындарының барлығына рұқсат берілген. Бірақ, сантиралық-эпидемиологиялық нормативті сақтау қажет. Қашықтық, маска кию, антисептик қолдану ережелерін қадағалап, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу – осы шаралардың барлығы міндетті түрде сақталады. Оған біз мониторинг жүргіземіз»,- дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.

Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі – Түркістан аймақтық туризмнің ірі орталығына айналып келеді. Мемлекеттік қолдаудың және жеке инвестициялардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігінде заманауи туризм жүйесі қалыптасып, бес жұлдызды қонақ үйлер салынуда, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылым дамуда. Қалада халықаралық әуежай, Түркі халықтары мұражайы, қазақ хандары мен батырлары орталығы, Жастар сарайы, Қожа Ахмет Ясауи шағын музейінің құрылысы жалғасуда.

2025 жылға қарай мұнда келетін туристер санын бес миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

 

Фото:qazir.kz