Қазақстанда «Елбасы Медалі» жобасы басталды

Қазақстанда «Елбасы Медалі» жобасы басталды

Жаңа бағдарламаның іске қосылғаны туралы «Елбасы Академиясы» корпоративті қоры басшысының орынбасары Әнуар Жанғозин Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық аймақтарынан дарынды ұл-қыздарды іздеу, олардың бойында жауапкершілік, қайсарлық, мақсатқа жету сынды қасиеттерді тәрбиелеу.

Бағдарлама ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «El Umiti» бастамасы аясында әзірленді.

«Елбасы Медалі» - жоба талаптарын ойдағыдай орындаған,  патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін жеңімпаздарға берілетін ерекше белгі. Қатысушылар дағдыларын жеті бағыт бойынша: спорт, өнер, кітап оқу, туристік саяхаттар, ұлттық мұра, волонтерлік қызмет және еңбек тәжірибесі арқылы дамыта алады.

Челлендж форматындағы бағдарлама еліміздің барлық өңірлеріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға арналған. Қатысушылар үш деңгейдің бірін таңдауға тиіс. «Алтын» деңгейдің ұзақтығы 18 айға дейін және ол 16 жастан жоғары жастарға арналған. «Күміс» деңгейдің ұзақтығы – 12 ай, жас шектеуі 15 жастан жоғары, ал «Қола» деңгей 6 айға жалғасады және ол 14 жастан жоғары қатысушыларға арналған.

Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz. сайтында тіркеуден өту қажет. Қосымша ақпарат алу үшін 7170 номерімен сall-орталығы жұмыс істейді, қоңырау шалу – тегін.

 

Фото: e-history.kz