Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың қатары кеңейеді

Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың қатары кеңейеді

Қазақстан аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды түгендеп, біріегейлігін сақтау. Мәжіліс депутаттары осы мәселені құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын әзірледі. Бүгін құжат төменгі палатаның отырысында бірінші оқылымында мақұлданды. 

Заң жобасының негізгі мақсаты – бұрын туризм нысандары мен ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды салу және олардың жұмыс істеуі үшін шығарылған, мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне қайтару.

«Мәселен іс жүзінде мұндай жағдайлар бар. Ол – Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлері. Аталған жерлердің игерілмеуіне және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кірмеуіне байланысты олар тиісті түрде қорғалмайды. Соның салдарынан өзінің бірегейлігі мен құндылығын жоғалтып жатыр. Сонымен қатар, осы аумақтардағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне залал келтірілуі мүмкін. Бұдан басқа, депутаттар экологиялық туризмді дамыту мақсатында табиғат қорғау мекемелері көрсететін қызметтердің тізбесін кеңейтуді ұсынды», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа заң жобасы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару үрдісін жылдамдатуға сеп болатынын айтты.

«Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Оны әріптестеріміз – Мәжіліс депутаттары әзірледі. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жояды. Осы заң жобасының арқасында кейбір жерді, оның ішінде мақсатты түрде пайдаланылмай жатқан жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына қайтару процесін жеңілдетеді. Ол жұмыс өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, ел басшылығы мақсатты түрде пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Осы заң жобасының нормалары – жеделдетілген форматта осынау маңызды мәселені тезірек шешуге көмектеседі», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, осы арқылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтап қалуға мүмкіндік зор.

«Жалпы айтқанда, осы заң жобасының басты мақсаты - ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиісті деңгейде құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету. Бұл табиғи аймақтарды одан ары нығайтуға, сонымен бірге ұлттық экономиканы дамытуға ықпал ететін болады», - деді Нұрлан Нығматулин.

 

Фото: ult.kz