«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің атауы өзгеруі мүмкін

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің атауы өзгеруі мүмкін

Бүгін – Байқоңыр ғарыш айлағының құрылған күні. Жаһандық пандемияға байланысты 65 жылдық мерейтойды атап өту кейінге шегерілді. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының басшылары 4 қазан күні өтетін салтанатты іс-шараларға қатысуы мүмкін.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы іске қосылғалы 500 тарта ұшу ұйымдастырылды. Әлемдегі ең ірі кешенді көруге асық туристердің де ағыны жыл санап артып келеді. Байқоңыр қаласын дамытып, ғарыш саласын жетілдіруге қатысты тың жаңалықтармен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының Қазақстандағы өкілі Анатолий Красников бөлісті.

«Байқоңыр қаласы даму үшін жаңа серпін алады. Біз оның болашағына қатысты қандай жобалар қолға алынатынын жоспарлап қойдық. Ол ең алдымен «Бәйтерек» зымыран кешені мен «Гагариндік старт» сынды ірі жобаларды жаңғырту. Біз Қызылорда облысы басшылығы мен Байқоңыр қаласының әкімшілігімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Мақсат – осы қаланы гүлдендіруге ат салысу», - дейді «Роскосмос» өкілі.

Оның айтуынша, зымыран кешенінде құрылыс жұмыстары биылдың соңы немесе келер жылы басталады. Жоба өте ауқымды болғандықтан, әр тарауын тыңғылықты пысықтау қажет. Қазір тараптармен келісімшарт мақұлданып жатыр. Тапсырыс беруші – Қазақстан.

«Біз жақын арада осы келісімге тұрамыз деп сенеміз. Қазақстанның  құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуге дайын екені бізді қуантып отыр», - деді Красников.

Бұған дейін белгілі болғандай, «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыранын ұшыру сынақтары 2022 жылы басталады. Сондай-ақ «Роскосмос» өкілі кешен  атауы «Назарбаев старты» деп өзгертілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл атау күнделікті жұмыс барысында және жиындар мен кездесулерде қазірдің өзінде  жиі қолданылады дейді, Анатолий Красников.

 

Фото: kapital.kz