ҰБТ-2020: алғаш рет тұлғаны сәйкестендіру әдісі қолданылады

ҰБТ-2020: алғаш рет тұлғаны сәйкестендіру әдісі қолданылады

Биыл Ұлттық бірыңғай тесті бірқатар жаңашылдықтармен ерекшеленбек. Сынақ тарихында алғаш рет тапсыруға кірер кезде түлектердің бет-әлпетін тану, яғни, тұлғаны сәйкестендіру қолданылады. Бұл туралы үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді

«ҰБТ-ға кіру кезінде бет-әлпетін тану «Face ID» көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда берілген қағаз сертификатының орнына осы жылы ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезінде де электронды куәлікті енгіздік», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар SAT және IB халықаралық тестерінің ұпайын ҰБТ балына аудару шкаласы енгізілді, сондықтан осы сертификаттары бар түлектер ҰБТ тапсырудан босатылып, білім грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан баллмен қатыса алады.

Бұдан бөлек, тестілеуге қатысатындарға тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі. Ал тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан төрт сағатқа дейін ұзартылады. Министр шекті балл жинамағандар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие екенін айтты.  Сондай-ақ, түрлі гаджеттер, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынатынын тағы бір еске салды.

«Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады», - деді министр.

Білім министрі биыл пандемияға байланысты ата-аналардың тестілеу өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынатынын ескертті. Сынақ барысын үйде отырып көру үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылады. Тестілеушілердің арасында 2 метр әлеметтік қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Қатерлі індеттің таралу қаупін азайту үшін қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Біріншіден, тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден, аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші, еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші, әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші, бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

 

Биыл ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі.

Министрдің мәлімдеуінше, сынақ өткізуге арналған тестілеу материалдары басылып, бар аудиториялар тиісті құрылғылармен толықтай жабдықталды. Төтенше жағдайға байланысты өтініштерді қабылдау да биыл алғаш рет онлайн форматта өтті. Тек қана интернет тартылмаған өңірлердің түлектері үшін дәстүрлі форматта құжаттар тапсыру мүмкіндігі берілді.

Айта кетейік, биыл барлығы 131 755 адам тест тапсырады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Осы жылы ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы бес пән – үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өтеді. Барлық тест тапсырмасының саны – 120, максималды балл – 140.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: holanews.kz