2020 жылы 1 млн-нан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отыр

2020 жылы 1 млн-нан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отыр

Пандемия кезінде 4 миллионнан астам қазақстандық жұмыссыз қалды. Бұл негізінен – төтенше жағдайға байланысты наурыз-сәуір айларында табыссыз қалған азаматтар. 20 сәуірден бастап карантин шараларының жеңілдетілуіне орай бұл көрсеткіш мамыр айында 1 миллион адамға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы шілде айында еңбек нарығында тіркелген бұл күрделі ахуал тұрақтайды. Ал жыл соңына қарай елдегі жұмыссыздықтың болжамды деңгейі 6,1 пайызды құрауы ықтимал.

«Жалпы биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған экономиканы, бизнесті қолдау шараларының барынша жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкіндігі және барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті толығымен пайдаланылатын болады. Оның ішінде жаңа жұмыспен қамтудың «Жол картасы» аясында 255 мың жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде «Жол картасына» кірген 6,5 мың жобаның 5 300 жобасы басталып, 103 мың жұмыс орнына 91 мың адам тартылды. Оның 35 пайызы – жастар», – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұл орайда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына үлкен сенім артылып отыр.  Бүгінгі таңда 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама аясында 184 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның 99 мыңы тұрақты түрде нәпақа табу көзімен қамтылды. 

«2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 176 млрд теңге қарастырылған, оның 71,5 млрд теңгесі микрокредиттер мен гранттарға, 32,6 млрд теңге оқытуға, 71,9 млрд теңге субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға және жұмыс күші бар аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшуге арналған субсидияларға бағытталады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ бағдарлама аясында 8 мың АЕК дейінгі, мерзімі 5 тен 7 жылға дейін, жылдық пайыздық мөлшерлемесі - 6% болатын жеңілдетілген несиелер және 200 АЕК дейінгі қайтарымсыз гранттар берілетінін жеткізді.

«Мемлекеттік бағдарламада жұмыссыздарға, әсіресе жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу үшін кәсіптік білім берудің бірнеше түрі қарастырылған. Коронавирусқа байланысты шектеулерге байланысты оқу курстары енді басталуда. Жыл соңына дейін 100 мыңнан астам жұмыссыз жан жаңа кәсіптер мен дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады», - деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

 

Фото: elarna.net