ШҚО-да Абайдың 175 жылдық тойына дайындық қарқынды жүріп жатыр

ШҚО-да Абайдың 175 жылдық тойына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Биыл еліміздегі ұлық мерекенің бірі – Абайдың 175 жылдығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен хакімнің туған жерінде іргелі жобалар қолға алынып, тарихи-мәдени кешендер қайта жаңғыртылып жатыр. Сырт Қасқабұлақ пен әйгілі Жидебай өзгеше кейіпке енсе, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылды. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, тәрбиешісі. Ақынның туған жеріндегі мәдени кешенде қазір оның қара сөздері тастарға қашап жазылып, жұрт назарына ұсынылмақ. Ел Президенті Абайды ұлықтағанда оның әкесі Құнанбай қажының да еңбегін ұмытпауымыз керектігін атап өткен. Қазір қайраткер тұлғаның өзі және әулеті жерленген қорым да ретке келтірілген. Музей құрылысы да алдағы айларда аяқталуы тиіс.

 «Үстем таптың, феодалдық өмірдің өкілі есебінде ол кісі еленбей қалған. Міне, 175 жылдыққа орай, Абай бабамыздың әкесін көтеріп, сол кісінің істеген әрекеттерін, жан-жақты қалдырған іздерін зерттеу енді іске асып жатыр деп ойлаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастап бүге-шігесіне дейін Абай бабамызды зерттеп жатсақ, Құнанбайдың да зерттелетін жөні бар екен»,- дейді Құнанбай қажының ұрпағы Құсман Берлешов.

Мерейтой қарсаңында Абай ауданында жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын 19 маңызды жоба жүзеге аспақшы.

 «Ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесіне Абай ауданының халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, үлкен ынтамен келіп отыр десек артық емес. Қазіргі уақытта Қарауыл ауылында мешіт құрылысы басталды. 2 жыл бұрын Парыз қоры құрылған болатын, сол Парыз қорының аясында азаматтар үлестерін қосып жатыр. Бұл жиналған қаражат тек қана той тойлауға емес, ауылымыздың халқына, әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмыстар жасап жатырмыз»,- дейді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.

Еуразия кіндігінде орналасқан Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі де толық қайта жөндеуден өтіп жатыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында ашылған мәдени кешен ерекше кейіпке енбек. Болашақта халықаралық туризм орталығына айналдыру да жоспарда бар.

 

Фото: 24.kz