Пандемия кезіндегі балаларды қорғау күні

Пандемия кезіндегі балаларды қорғау күні

Биыл балаларды қорғау күні жаппай іс-шараларсыз өтеді. Әдетте бұл күні ата-аналар кішкентайларын саябақтарда серуендетіп, балаларға арналған түрлі шараларға қатыстыруға тырысатын. Алайда, жаһандық деңгейде тараған қатерлі індет кең көлемде атап өтуге мүмкіндік бермеді. Бастысы денсаулық дейді, қазақстандық ата-аналар.

«Шуақты жаздың алғашқы күніндегі өте әсерлі мереке. Негізінен біз отбасымызбен бірге саябаққа баратынбыз. Коронавирус індетінің тарауынан адамдар көп шоғырланған жерлерге баруға болмайды»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанна Өшер.

«Барлық ата-аналар мен балаларды мейірімге толы мерекемен құттықтаймын», - деп ізгі тілегін білдірді Гүлнар Османова.

«Жыл сайын балаларды қорғау мерекесін қызыммен бірге атап өтеміз.Олар бұл күннің басты иелері болғандықтан сыйлық алғанды жақсы көреді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Елена Ким.

Шынымен бұл күні балалар өздерін ертегі кейіпкерлеріндей сезінеді. Ата-аналары көңілін аулап, қалағанын жасауға тырысып бағады. Мерекенің ажырамас бөлігінің бірі сыйлықтар.

«Қыздарға көбіне қуыршақтар мен оларға арналған киім үлгілері мен сәндік ойыншықтардың жиыны алынады. Ал ұл балаларға көбіне өздеріне тән радиобасқарғышы бар машиналар, конструкторлар, темір жол сынды ойыншықтар алынады», - дейді ойыншықтарды сату бойынша менеджер Екатерина Ковалёва.

Жетім, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жергілікті билік өкілдері тарапынан сыйлықтар жасалады. Олар үшін бірқатар онлайн шара ұйымдастырылады. Мәселен, Елордада көптеген байқаулар мен игі шаралар әлеуметтік желілерде #NS_balalarkuni_bilim хештегі арқылы өтеді.

Айта кетейік, Халықаралық балалар күні сонау 1949 жылы Парижде өткен халықаралық әйелдердің демократиялық федерациясының конгресінде бекітілген болатын.