Ел аумағында блокпосттар алынып жатыр

Ел аумағында блокпосттар алынып жатыр

Бүгін түнгі он екіде еліміз бойынша екі айдан астам уақыт бойы аймақтарды бір-бірінен оқшаулап тұрған тосқауыл бекеттері алынды. Еске салайық, блок-бекеттер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыздан бастап қойылған еді.

Жалпы ел аумағында 400-ге жуық бекет жұмыс істеді. 78 күннің ішінде бұл тосқауыл бекеттерінде 3,2 миллионнан астам көлік пен 5 миллионға тарта жолаушы тексерілген. Өткендердің барлығы арнайы электрондық база арқылы тексерілді. Азық-түлік тасымалдайтын көліктердің барлығы «жасыл дәліз» арқылы өтті.

Карантин кезінде 52 мыңнан астам полиция қызметкері мен медицина маманы күндіз-түні кезекшілік атқарды. Одан бөлек карантинге жабылған нысандарды күзетуге жұмылдырылды. Ұлттық Ұлан сарбаздары қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалады.

"Оңай болмады. Күні-түні тоқтаусыз жүмыс жасалды. Көбі үйлеріне бармай казармалық режимде болды. Кейбір азаматтар сақтық ережелерін елемей, қиын-қыстау кезде түсінушілік танытпады. Осының бәрі жүйкеге ауыр тиді. Алайда, біздің қызметкерлеріміз еліміздің басшылығы жүктеген міндеттерді 78 күн бойы мінсіз атқарып шықты», - дейді ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Айта кетейік, тосқауыл бекеттері алынғанымен жолаушылар тасымалдайтын қалааралық автобустар 5 маусымнан бастап жүреді.

«Шектеулердің алынып тасталуы жалпы ел бойынша аймақтардағы қатерлі індетке шалдығу көрсеткіштерінің теңескенін білдіреді. Сондықтан тосқауыл қоюдың енді қажеті жоқ», - дейді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Жолаушылар санитарлық ережелерді сақтауы тиіс. Қалааралық қатынас қалыпқа келгенімен кей өңірде карантин талабы қатаң сақталады. Облыстағы ахуалға қарай санитарлық дәрігер тиісті шешім қабылдай алады.

«Жолаушылар автобусқа тек бетперде киіп кірулері тиіс. Бағыттың соңында толықтай дезинфекцияланады»,- дейді ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов.

 

Фото: Ratel.kz