ҰБТ-2020: қауіпсіздік талаптары мен тыйымдар

ҰБТ-2020: қауіпсіздік талаптары мен тыйымдар

Биылғы ҰБТ ерекше ахуалмен қабаттас келіп тұр. Сондықтан ең алдымен қауіпсіздік басты орында. Мектеп бітірушілерге биыл 5 дезинфекция түрі қарастырылған. Олар алдымен зарарсыздандыру туннелінен өтіп, қолдары мен аяқ киімдерін тазартады. Дене қызуы бақыланған соң тест тапсыруға бетпердемен емес, респиратормен кіреді. Бұл ең алдымен түлектердің қауіпсіздігі үшін қажет. Алматы облысы бойынша 16 ҰБТ тапсыру орны жасақталып жатыр. Жетісу өңірінде биыл 15 мыңнан астам оқушы мектеп бітірсе, соның 75 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.

«Тестілеу уақытында тыйым салынған заттармен бала анықталатын болса, ол балада тесттің қорытындысы жойылады. Сол сияқты 25 тамызға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Сол 25 тамызға дейін мектеп бітіруші түлек сол бейнежазбада тыйым салынған заттарды пайдаланып отырған болса, онда баланың білім беру грантына да, жалпы ұлттық бірыңғай тестілеуден балдары жойылады», - дейді облыстық білім саласындағы сапаны қамту департаментінің бөлім басшысы Айдынбек Жексенбаев,

Маманның айтуынша, тыйым салынған заттармен ұсталған түлектер сынаққа жіберілмейді және олар 1 жылға ұлттық біріңғай тест тапсыру құқығынан айырылып, емтихан нәтижелері жойылады. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмау үшін талапкерлердің тек өз біліміне ғана сенуіне тура келеді.

«ҰБТ-тапсыруға санаулы күн қалғандықтан қаурыт дайындықтамыз. Мектебімізде қауіпсіздік сақтау талаптары ылғи ескертіліп тұрады. Бірақ ол кезде пандемия, вирус туралы ұмытып, бар зейініміз тестте болатын шығар. Дезинфекцияланып кіретін болсақ онда еш алаңдамай сынаққа ғана назар саламыз», -дейді 11 сынып бітіруші түлек Мәлік Бейбарыс.

Бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетінін естеріңізге сала кетейік. Құжаттар дәстүрлі және онлайн түрде қабылданып жатыр. 

 

Фото: liter.kz