31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдады. Оған сәйкес, 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. Егеменді елде 146 мыңнан аса кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 «Аза тұту кітабы» жарыққа шықты. Саяси репресия құрбандарының рухына тағзым ететін ескерткіштер мен мемориалды кешендер ашылды. Сол қиын-қыстау кезден сыр шертер жәдігерлер қоры  жиналған мұражайлар құрылды.

Арнамызға сұхбат берген ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов ұзақ жылдарға созылған саяси репрессияны үш негізгі кезеңге жіктейді. Бұл - ұжымдастыру және тәркілеу (1928-1930 жж.), қазақ даласындағы ашаршылық (1931-1933 жж.), саяси қуғын-сүргін (1937-1938 жж.).

Ұжымдастыру және тәркілеу (1928-1930 жж.)

Репрессиялық саясат Қазақ АКСР, Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыз айындағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысынан басталған.

«Осы қаулының негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шаруашылықтары талқандалып, олардың иелері қанаушы тап ретінде жер аударылды, кейіннен көпшілігі халық жаулары ретінде атылып, немесе сотталып кетті. Соңында осы саясат енді колхоздастыру кезінде онан әрі жалғасып, репрессияға орта шаруалар мен ауқаттылар жаппай ұшырай бастаған. Оған дәлел архив деректері баршылық. Ал, халқы сиреп қалған қазақ даласына Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен халықтарды мәжбүрлеп қоныс аудартып, кеңестік қатаң саясат ұстанды.», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов.

Осылайша, Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ, қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы, елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.

Қазақ даласындағы ашаршылық (1931-1933 жж.)

Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық –адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады.

«Осының бәрі демографиялық ахуалға әсерін тигізді, тіпті апатты жағдайларды қалыптастырды. Қазақстанда мұндай науқаннан әсіресе, дәстүрлі қоғамы бұзылған қазақ халқы көп қиындық көрді. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта қазақтар Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты шет мемлекеттерге көшуге мәжбүр болды. Қазақстанда ашаршылық құрбандарының саны 2 млн. 200 мың адамды құрады. Оның 1,7 млн. адамы қазақтар еді», дейді тарихшы.

Саяси қуғын-сүргін (1937-1938 жж.)

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.

«1937-1938 жылдары Кеңес Одағының репрессиялық саясаты және оның нәтижесінде «Халық жауларын» жазалау шаралары қазақ халқына зардабын тигізді. Алдымен, Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Абдулла Розыбақиев, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді», - дейді Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері  Қанат Еңсенов.

Қазақ  жеріндегі лагерьлер

Қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Жалпы, Кеңес Одағы бойынша 60 лагерь болса, соның 20 шақтысы Қазақстан жерінде орналасты.  Ең ірі лагерь 1937 жылы Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс елді мекенінде құрылған – АЛЖИР. Бұл жерде «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Онда бір мезгілде ғана 8 мыңға жуық әйел отырған.

Янина Германович – бостандықты көру бақыты бұйырған АЛЖИР тұтқындарының бірі. «Халық жауы» деп ату жазасына кесілген Беларусь ақыны Тодор Кляшторныйдың жары 8 жылға сотталып, 1938 жылы 4 айлық жөргектегі сәбимен бірге Ақмола лагеріне түскен. Оның қызы Мая Тодоровнаның лагерь жанындағы балабақшаға барғаны әлі есінде. Қазір лагердің орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені орналасқан. Майя Тодоровна ескерткіш кешеніне лагерьде оранған көрпесі мен кестеленген белдігін тапсырған.

«Бұл көрпенің де өзіндік тарихы бар. Анам екеуміз осы көрпемен Қазақстан, Сібір аралап Беларуссияға жеттік. Кейін өз елімізге келіп өміріміз түзеле бастады, сонда да осы көрпені тастамай, көзімнің қарашығындай сақтадым»,-деді ол.

Бүгінде «АЛЖИР» мұражайының қоры 17 мыңға жуық жәдігерді құрайды. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Израиль, Грузия елдеріне жасалған зерттеу іс-сапарларында жинақталған материалдардың ішінде мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, АЛЖИР тұтқындарының балаларына жазған хаттары, балалардың жазған естелектері бар.

«Мұражай аудиогид жүйесімен жабдықталған. Қазақ, орыс және ағылшын  тілдерінде экскурсия жүргізіліп, виртуалды тур жасалды.  және деректі фильмдер көрсетіледі. Сенсорлық басқару панелі бар 4 мультимедиялық экран арқылы  лагерь тұтқындары және олардың отбасы мүшелері туралы ақпаратпен танысуға болады. Мұражайдың www.museum-alzhir.kz веб-сайты да жұмыс істейді», - дейді  «АЛЖИР» мемориалды - мұражай кешенінің директоры Самат Тергембаев.

Бұл посткеңестік мемлекеттердегі репрессия құрбандарына арналған бірегей ескерткіш 1997 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні туралы» Жарлығының қабылдағанына 10 жыл  және жаппай қуғын-сүргіннің басталғанына 70 жыл толуына орай ашылған болатын.

 

Фото: m.azh.kz