1 маусымнан бастап Қазақстан қалалары арасындағы блок бекеттер алынады

1 маусымнан бастап Қазақстан қалалары арасындағы блок бекеттер алынады

1 маусымда блок бекеттер алынып, 5 маусымнан бастап қалааралық автобустардың жолға шығады.  Бұл туралы брифинг барысында ҚР  ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов мәлім етті.

Қазіргі кезде елімізде 313 қалааралық бағытта қоғамдық көлік қатынайды.  Осы бағыттарда 888 тасымалдаушы компания жұмыс істейді.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде жолаушыларды тасымалдау ережесі әзірленді. Осы орайда бағдардың соңғы пунктерінде автобустарды дезинфекциялау, көлік салонына тек медициналық маска кигендерді ғана отырғызу, сондай-ақ басқа да қауіпсіздік талаптары ескерілген. Адамдар арасында кемі бір метр арақашықтық сақталуы тиіс. Көлік жүргізушілері бетперде, қолғаппен қамтамасыз етілуі шарт. Сондай-ақ, екі аптада бір коронавирусқа тест тапсырып тұрады. Вокзалға кірген әр адамның дене қызуы өлшенеді.

«Өз кезегінде әкімдіктер коронавирус інтетін таратпау үшін жолаушылар тасымалы ережелерінің  сақталуын қадағалап, бақылау шараларын жүргізеді», дейді Жәнібек Тайжанов

Бұл талаптар 1 маусымнан бастап жанданатын темір жол тасымалы қызметіне де тікелей қатысты болмақ. «ҚТЖ» АҚ басқармасы басшысының бірінші орынбасары Қанат Алмағамбетовтың айтуынша, ортақ ережелерге қоса, пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынады. Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды. Бұның барлығын жол серіктері бақылап отырады.

«Вокзалдар мен оның аумағындағы тамақтану орындары санитар мамандардың рұқсаты берілгеннен кейін бірақ ашылады. Сондай-ақ,  жолаушылар ағынының артуына байланысты темір жол құрамдарына 20 вагонға дейін жалғануы мүмкін. Ол аздық етсе осыған дейін халықаралық бағыттарда қатынаған пойыздар қосылады», - дейді Қанат Алмағанбетов.

 

Фото: vlast.kz