Үйдің ауласындағы кәсіби жаттығу: елордада пилоттық фитнес-жоба қолға алынды

Үйдің ауласындағы кәсіби жаттығу: елордада пилоттық фитнес-жоба қолға алынды

Үйдің ауласындағы фитнес-клуб. Нұр-Сұлтан қаласында азаматтарды сауықтыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді тұрғындарға өз үйнің ауласынан шықпай-ақ спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды.  Ниет танытқандар жаттығуға өздеріне ыңғайлы уақытта қосыла алады. Спорт дәрістері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады, қатысу – тегін. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әзірге жаттығулар бір үйдің ауласында өткізіліп жатыр. Ал маусым айынан бастап сауықтыру бағдарламасымен елорданың басқа тұрғын үй кешендерінің тұрғындарын қамту жоспарланған.  

Барлық жаттығуларды тәжірибелі жаттықтырушылар өткізеді. Жоба балалар мен ересектерге арналған. Егде жастағы тұрғындар да шет қалмайды – олар үшін «Белсенді ұзақ ғұмыр» атты гимнастикалық жаттығулар кешені әзірленген. Ал кішкентай балалары бар аналар йога дәрістеріне қатыса алады. Доп тебуді сүйетіндер үшін футбол матчтары ұйымдастырылады. Тұрғындар дене шынықтыру бағдарламасын бағалап та үлгерді. Басында бірнеше адам қатысса, күн өткен сайын саны артып келеді.

«Жоба тұрғындардың көңілінен шықты, әсерлері керемет. Түрлі жас шамасындағы азаматтар жаттығуға белсенді қатысып жатыр. Балалар да, ересектер де, егде жастағылар да. Меніңше, әсіресе зейнеткерлерге ұнаған сияқты. Таза ауада жаттыға отырып, көршілерімен танысады, әңгімелеседі, осылайша, тату көршілік атмосфера қалыптасады. Кәсіби жаттықтырушылардың болғаны тіптен керемет, бәрі айтып жатыр»»,  – дейді ПИК төрайымы Мәдина Әбішева.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов