Қазақстанда ішкі туризмнің әлеуеті артып келеді

 Қазақстанда ішкі туризмнің әлеуеті артып келеді

Биыл елімізде ішкі туризмге қызығушылық артатын болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков мәлімдеді.

«Биыл ішкі туризм саласында үлкен сұраныстың бар екендігін байқап отырмыз. Жалпы бағыттар өзгере қоймайды. Олар: Алакөл, Бурабай, Каспий, Қапшағай, Алматының таулы кластері. Бұған қоса Баянауыл мен Шалқар, Имантау курорттық аймақтарына қызығушылық артып келеді. Түркістан, Тараз бағытында тарихи-мәдени туризмге де айрықша қызығушылық байқалады. Ұлытаудың да әлеуеті артып келеді», - деді Дастан Рысбеков

Құзырлы министрлік өкілінің айтуынша, ішкі туризмді дамыту әрі  туристік қызмет көрсететін заманауи орталықтар құру бойынша жаңа кешенді ұсыныстар қажет. Бұл үшін  экология министрлігімен бірге ұлттық табиғи парктерді дамыту жұмыстары қолға алынған.  Көп ұзамай эко туризмнің тамырына қан жүгіріп, көрікті аймақтарда инфрақұрылым дамытылмақ. Мәселен, бір ғана Іле Алатауы баурайында  7 демалыс орталығы жаңадан ашылады. 156 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселіп, 2 мың көлікке арналған тұрақ, глэмпингтер, кемпингтер мен 3 мың орынға шақталған демалыс лагерлері салынады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 17,3 миллиард теңгені құрайды. 

«Министрлік «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның Жобалық кеңсесі Өңірлік жобалық кеңселер мен бастамашылардың ұсыныстарын ескере отырып, 1,62 трлн теңге сомаға туризм саласында 140 инвестициялық жобаның кеңейтілген тізбесін әзірледі», - деді туризм комитетінің басшысы.

Сондай-ақ Дастан Рысбеков туристік аймақтарға инженерлік-коммуникациялық желілер тартып, көлік инфроқұрылымын жақсарту көзделіп отырғанын айтты. Бұл орайда жалпы құны 51,5 миллиард теңгенің 44 жобасы ел қазынасынан қаржыландырылатын болады. Жаңадан 270 туристік нысан іске қосылады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай еліміз 3 миллионға дейін шетелдік саяхатшы мен 8 миллион отандық туристі қабылдауға қауқарлы болмақ.

 

Фото: ult.kz